Ардақ Назаров мәжілістің ресми отырысында анасын туған күнімен құттықтады

Ардақ Назаров мәжілістің ресми отырысында анасын туған күнімен құттықтады.
Жалпы отырыс кезінде депутат сауал жолдамас бұрын анасының 70 жас мерейтойымен құттықтағысы келетінін айтты.
«Бүгін менің анашымның туған күні, 70 жасқа толды. Құттықтауға рұқсат етсеңіз (Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа). Қадірлі анашым, (сізді) туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің мейірімге толы жүрегіңізге, жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетейым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, Құдай бере салған немерелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым мен сізді қатты жақсы көремін. Сіздің алдыңызда басымды иемін. Баршаңыздың анаңыз аман болсын», – деді Назаров.
Депутаттың анасына деген жылы лебізіне әріптестері қол шапалақтап қолдау көрсетті. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов та депутаттың анасын құттықтады.
«Анаңызға біздің де құттықтауды жеткізіңіз», – деп қысқа қайырды.
Жиыннан соң журналистер Назаровтан парламент қабырғасында мұндай әрекет қаншалықты орынды деген сұрақ қойды.
«Мәжіліс төрінен Астанадағы баласының құттықтағанын жөн көрдім. Егер де бүгін менің жұмысым болмағанда, мен анашымның қасында болатын едім. Бірақ анашыма ерекше қуаныш сыйлағым келді. Ерлан Жақанұлы да құттықтап, анашыма лебізін жеткізді. Бұл жерде ешқандай регламент, әбестік жоқ деп ойлаймын. Керісінше депутаттардың барлығы қол соғып ерекше құттықтап жатты«, – деп жауап берді депутат.
Еске салсақ бұған дейін Ардақ Назаров Түркістан қаласында арақ ішуге және оны сатуға тыйым салуды ұсынған болатын. Мәжілісмен рухани қала болғандықтан, онда арақ-шарап мүлдем болмауы керек деп есептейді.