Елеусіз қалған Егізқара: ауылда ауызсу, жарық тіпті ұялы байланыс та жоқ

Жарияланды
Ауылда ауызсу, жарық тіпті ұялы байланыс та жоқ/Фото: Дилара Иса

Майдантал ауылдық округі Егізқара ауылы Түркістан облысы Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылынан небәрі 55 шақырым жерде орналасқан. Бірақ ауылға жетудің өзі мұң. Оған алып баратын жол нашар. Ауылда ауызсу, жарық тіпті ұялы байланыс та жоқ. Ауыл тұрғындары бұлай қашанғы өмір сүреміз деп алаңдайды.

«Құдықтан су ішіп отырмыз»

Егізқара ауылының тұрғыны Дәурен Әбдіраманов ауылдан аудан орталығына жету үшін кемі 2 сағат уақыт жүреді. Қазір қара жолға таудың тасы төселген. Онымен жылдамдықты арттыру мүмкін емес. Ал жауын-шашын күндері лай-батпақ. Қыста ауыл халқы ары-бері қатынаудан қалады.

Фото: Дилара Иса

«Жол дегенім – міне. Қараңызшы, ірі-ірі тас төсеген. Бұл жолмен жүру мүмкін емес. Өйткені көлігіміз шашылып қалады. Бұрынғы ескі қара жолмен жүреміз. Жауын-шашында ол жолымыз да батпаққа айналады. Аудан орталығына, Түркістан қаласына жету үшін жердің қатуын күтеміз. Қыста таңда жолға шығуға мәжбүрміз. Қаладан тез-тез керегімізді алып, үйге қайтамыз. Соның өзінде кеш батады», – дейді ол.

Егізқарада жылдан-жылға адам саны азайып барады. Мысалы, 15 жыл бұрын ауыл халқының саны жүзден асқан. Қазір елуге де жетпейді. Өйткені мұнда жолмен бірге жарық, ауызсу да жоқ. Ауызсуды құдықтан ішеді, жағдайы келгенде сатып алады. Аудан әкімдігі ауызсу мұнарасын орнатқанымен, суды тартып алатын электр жарығы жоқ.

Фото: Дилара Иса

«Ауылда су жоқ. Құдықтан су алып отырмыз. Сусыз, жарықсыз қиналып кеттік. Жолдың сиқы – мынау. Балаларымыз аудан орталығына, қалаға қатынап оқиды. Жолдың азабын тарта-тарта амалсыз балалар туысқанының үйіне, кейбірін жалдамалы пәтерде жатып оқып жүр», – дейді ауыл тұрғыны Ғалия Сейілбекқызы.

Ауылда ұялы байланыс та жоқ. Тұрғындар сыртта жүрге балаларымен сөйлесу үшін кемі 30 шақырым жол жүруі керек. Сонда ғана байланыс қосылады.

«Майшаммен отырамыз»

Егізқара ауылы тау бөктерінде орналасқан. Ауыл тұрғындары мал асырап, егін егіп күнкөреді. Егінді таудағы бұлақтан аққан сумен суғарады. Жарықты тұрғындар аудан әкімдігі орнатқан арнайы панельдер арқылы күннен алады. Бұлтты күндері бұл жарықтың өзі жоқ болады. Ол кезде жұрт майшамды пайдаланады. Жарықсыз қалған күні ауыл ішін қара түнек басады.

Фото: Дилара Иса

Ауыл тұрғыны Раушан Ілиясованың сөзінше, аккумулятордың күші де көпке жетпейді.

«Күн ашық кезде, жарық жылтырап жанып тұрады. Ауа райы бұлтты болса, өшеді. Сосын баяғы майшаммен отырамыз. Көрген күніміз осы енді», – дейді зейнеткер қапаланып.

Сауран ауданы әкімдігі Егізқара ауылына электр қуатын тарту үшін құны 620 млн теңге тұратын жоба жасалғанымен қолдау таппағанын жеткізді. Жақын арада ауыл ішіне электр қуатының тартылуы екіталай, тек күн панелін пайдаланудан басқа амал жоқ екенін ашып айтады.

Фото: Дилара Иса

Әкімдік тұрғындар ауызсуды қазір бұлақтан алып отыр дейді. Су мұнарасын іске қосу үшін жанар-жағармаймен істейтін генератор сатып алынады.

«Ауылға алып баратын жолдың 10 шақырымына тас, бетіне 5-10 сантиметрге дейін құм, майда тас төсеу жоспарланған. Таудың ішкі бөлігіндегі 5 шақырым жолға да тас төсеу үшін құжаттар дайындалып, конкурс жарияланды»,– дейді Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов.

Әйткенмен, әкімдіктің құрғақ уәдесіне әбден тойған тұрғындар жол төселіп, ауызсу келеді дегенге сенбейді. Олар жергілікті билікті бұл мәселеге немқұрайлы қарамауға шақырады.

Қазақстанда ауылдарды дамытуға жұмсалатын қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып жатыр. Алайда оның өзі елдімекен әлеуетін көтеруге жетпейді. Жыл басында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков елдімекендерді жақсартуға бағытталған түрлі бағдарламаларға бюджеттен шамамен 1 трлн теңге бөлінеді деген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз