Зейнетақы жинағын тіс емдетуге қашаннан бастап пайдалануға болады

15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағындағы ақшаны тіс емдетуге қолдана алмайды. Алайда бұл шектеу ұзаққа созылмайды.
Отбасы банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, тіс емдеуге өтініш беру кезінде БЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану мен құжаттарды қолдан жасаудың көптеген дерегі анықталған. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді. Ол 2025 жылдың 27 сәуірінен бастап күшіне енді.
Соған байланысты 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылатын болды. Осы күнге дейін берілген өтініштер әдеттегі тәртіппен қаралады.
Осы уақыт аралығында мемлекеттік органдар тіс емдеуге зейнетақы ақшасын пайдалану кезінде алаяқтық әрекеттің алдын алу үшін тиімді жүйе әзірлейді.
Айта кетейік, 2021 жыл мен 2025 жылдың 20 тамызы аралығында Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек «Стоматологиялық қызметтер» бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жасалған. Соның 222,61 млрд теңгесі ТОП-20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың жартысы Атырауда, қалғандары Алматы мен Астанада орналасқан.