
Журналист Сандуғаш Дүйсенова Талдықорғандағы жекеменшік балабақшалардың біріндегі антисанитария туралы хабарлады.
Журналиске ата-аналар жолдаған фото, видео материалдардан ұнның ішінде жәндіктер, ал балаларға берілген ботқада құрт жүргені көрінеді. Ал тамаққа еті сылынған құр сүйек пайдаланылады.
«Нанды күйген күйде, ал компотты бәріне бір-ақ қасықпен құйып береді. Асүй көгерген, ауласы сұмдық жағдайда. Балаларға берілетін мардымсыз порциялар жанды түршіктіреді. Балақайлар қазіргі Қазақстанда емес, концлагерьде отырғандай әсер қалдырады, – деп жазады журналист.
Журналист жазбасына пікір білдірген Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі жеке балабақша әкімшілігіне түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізген.
Талдықорған қалалық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасы аталған фактіге қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізілетінін, соның нәтижесіне қарай заңдық шара қолданылатынын хабарлады.