Жаңалықтар

Алматы әкімі Шаңырақтағы су мен кәріз желісі құрылысын екі айда аяқтауға уәде берді

Алматы әкімі Шаңырақтағы су мен кәріз желісі құрылысын екі айда аяқтауға уәде берді
Алматы әкімі Шаңырақтағы су мен кәріз желісі құрылысын екі айда аяқтауға уәде берді / фото: Алматы әкімдігінің сайты

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды ауызсу және кәріз желілерінің құрылысы баяу жүріп жатқанына шағымданған «Айгерім-1, 2» және «Шаңырақ-1» шағынаудандарының тұрғындарымен кездесті.

«Айгерім-1, 2» шағынауданында тарату желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаны жүзеге асыру 2021 жылы басталған. Су құбырының жалпы ұзындығы – 104,5 шақырым, кәріз желісі – 29,5 шақырым. Қала әкімі кездесу барысында жұмыстың орындалу қарқынын бақылауды күшейтуді тапсырған. Құрылысты аяқтау келесі жылға жоспарланған.

Дархан Сатыбалды желі құрылысы біткен аумақтарға жол жабындысын кезең-кезеңімен төсеуді, ал жұмыс әлі жүріп жатқан учаскелерде уақытша асфальт қиыршығын пайдалануды тапсырған.

«Шаңырақ-1» шағынауданында да тарату желілерін салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба бойынша ұзындығы 45,7 шақырым су құбыры, 53,8 шақырым кәріз желісі және 10 кәріздік-сорғы станциясы салынып, 2,2 мыңнан астам тұтынушы қамтылуға тиіс.

Тұрғындар жобаның ұзаққа созылғанына шағымданған. Алматы әкімі жұмысты екі ай мерзімінде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініші бойынша бастапқы жобаға кірмеген төрт көшеге асфальт төселеді. Инженерлік желілер тартылып біткен учаскелерде де кезең-кезеңімен жол жабындысы төселеді.

Кездесуде тұрғындар жол қауіпсіздігі, көше жарығы, балалар алаңқайларын салу және өзге де мәселелерді көтерген. Олар бойынша Дархан Сатыбалды тиісті басқармаларға тапсырма бергені хабарланды.

Бұған дейін, Алматы әкімі жер қазу жұмыстарын аяқтауды талап еткенін жазғанбыз.