
2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсті. Бұл жөнінде Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Негізгі өсім сауда, өнеркәсіп және байланыс салаларындағы оң көрсеткіштердің есебінен қалыптасқан.
Өнеркәсіп жалпы 7,6%-ға артты. Әсіресе, өңдеу секторында өсім қарқыны жеделдеп, 6,5%-ды құрады. Оның басты қозғаушы күштері – машина жасау (+15,1%), тамақ өнімдері өндірісі (+10,1%), мұнай өңдеу (+7,6%), химия өнеркәсібі (+7,5%) және металлургия (+1,1%).
Сауда көлемі 8,9%-ға , негізінен көтерме сауда есебінен ұлғайды. Қазіргі таңда бұл бағыттың үлесі жалпы сауданың үштен екісінен асады (66,6%). Аймақтар арасында ең жоғары өсім Шымкентте (+21,3%), одан кейін Шығыс Қазақстан облысында (+5,7%) және Жетісу облысында (+0,6%) тіркелді.
Бұған дейін «Америка банкі» Қазақстан экономикасы қарқынды өсім көрсетіп келе жатқанымен, инфляция басты мәселе болып тұрғанын жазған.
Үкімет жоспары бойынша алдағы үш жылда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өсуі тиіс.