Мыс пен кобальт дауы: ERG пен Gecamines қайта келісімге келді

Қазақстандық Eurasian Resources Group (ERG) пен Конгоның Gecamines мемлекеттік тау-кен компаниясы ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қойды.
Bloomberg басылымының жазуынша, құжатқа Конго президенті Феликс Чисекедидің Қазақстанға сапары барысында қол қойылған. Бұл оқиға екі тарап арасындағы бірнеше жылдан бергі даулы мәселені шешудің алғашқы қадамы ретінде қарастырылып отыр.
Қақтығыстың түп-төркіні
ERG пен Конго үкіметі арасындағы келіспеушілік 2023 жылы басталды. Сол кезде конголық Gecamines қазақстандық компанияның бірқатар кен орнын сатып алуды ұсынған еді. Ұсынысы қабылданбаған соң, ол ERG-нің еншілес кәсіпорнымен бірлесіп іске асқан Swanmines жобасын тоқтатты. Нәтижесінде іс халықаралық арбитражға жетті, бірақ түйін әлі тарқатылған жоқ.
Жобалардағы тоқырау
Бұл дау әлемдегі ең ірі мыс пен кобальт кен орындарының жұмысына тікелей әсер етті. Bloomberg дерегінше, Frontier кенішіндегі, Boss Mining кені және Comide зауытындағы жобалар тежеліп қалған. Мұндай кідіріс тек ERG үшін ғана емес, Конгоның тау-кен өнеркәсібі үшін де шығын әкелді. Себебі елдің экспорттық табысының қомақты бөлігі дәл осы шикізатқа тәуелді.
Жаңа келісім нені өзгертеді?
Жаңа құжаттың нақты мазмұны жарияланбағанымен, сарапшылар оны тараптардың өзара сенімді қайта қалпына келтіру әрекеті ретінде бағалайды. Бұған қоса, Конгоның тау-кен өнеркәсібі министрі Луис Ватум мен Қазақстанның индустрия министрі Ерсайын Нағаспаевтың да бөлек келісімге қол қоюы – ынтымақтастықтың институционалды деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
ERG-нің мүдделері
Eurasian Resources Group Конгода айтарлықтай активке ие. Компания Frontier зауытында мыс өндіреді және әлемдегі ең ірі кобальт жобаларының бірі – Metalkol-ды игеріп отыр. Бұл жобалар тек ERG үшін ғана емес, Қазақстанның да халықаралық тау-кен нарығындағы беделіне әсер етеді.
ERG-нің негізгі иелері: Қазақстан Қаржы министрлігі – 40%, Александр Машкевичтің мұрагерлері мен Ибрагимовтар әулеті 20,7%-дан иеленсе, Патох Шодиевке 18,6% акциясы тиелісі. Forbes мәліметіне сәйкес, Ибрагимовтар отбасы Қазақстандағы ең ықпалды әрі ауқатты әулеттердің бірі болып саналады, олардың байлығы шамамен $2,06 млрд деп бағаланған.