Жаңалықтар

Қазақстанда бордюр мен гранит импортына уақытша тыйым салынды

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанға үшінші елдерден тас өнімдерін әкелуге уақытша тыйым салынды. Бұл жөнінде Өнеркәсіп министрлігінің 2025 жылғы 2 қыркүйектегі №342 бұйрығында көрсетілген.

Құжатқа сәйкес, 2025 жылдың 21 қыркүйегінен бастап үш ай бойы елге брусчатка, бордюрлық тастар, табиғи тастан жасалған плиталар мен жабын материалдары әкелінбейді.

Сондай-ақ ескерткіштер мен құрылысқа арналған гранит және одан жасалған бұйымдарды сырттан тасымалдауға шектеу қойылады.

Тыйымға тегіс немесе өңделген беті бар гранит, сәндік мақсатта жылтыратылған немесе өзге тәсілмен өңделген, салмағы 10 кг және одан жоғары өнімдер де кіреді.

Бұл шара ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерді қолдау үшін қабылданды. Бұйрық 21 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында еліміздің сыртқы сауда айналым көлемі 65,9 млрд АҚШ долларына жетті. Ондағы экспорт-39,8 млрд, ал импорт көлемі-29,1 млрд долларды құрады.