Жаңалықтар

Бір күнде 47%-ға артқан: Қазақстан қор биржасында рубль саудасы қызды

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

10 қыркүйек күні Қазақстан қор биржасында (KASE) рубльмен сауда-саттық көлемі бір күнде 47%-ға өсіп, 5,43 млрд рубльге жетті. Бұл көрсеткіш доллармен жасалған сауда көлемінің шамамен 23%-ына тең. Сарапшылар мұны Ресей валютасының доллармен салыстырғанда күрт әлсіреуімен байланыстырады.

Экономист Эльдар Шамсутдиновтың айтуынша, Қазақстандағы доллар бағамы Ресей нарығымен салыстырғанда төмен болып тұр.

Мәселен, Мәскеу биржасында көкқағаз құны 1 доллар = 85,0 рубль бағамы бойынша, 541,9 теңгеге тең болса, Қазақстанда ол арзанырақ. Ал қолма-қол нарықтағы бағам ($1 = ₽86,81 → ₸553,6) одан да жоғары. Айырмашылық биржамен салыстырғанда шамамен 3,8 теңге, ал қолма-қол нарықпен салыстырғанда 15,5 теңгені құрап отыр.

Теориялық тұрғыда бұл арбитраж мүмкіндігін береді, яғни Қазақстанда доллар сатып алып, Ресейде сату пайда әкелуі ықтимал.

Дегенмен сарапшы нақты нәтиже комиссиялар мен реттеуші шектеулерге байланысты шектелетінін атап өтті.

USD/KZT саудасында күн белсенділігі орташа деңгейде болды: 212 млн доллар және 752 мәміле жасалды. Сауда диапазоны 537,4–538,9 теңге аралығында қалыптасты. Доллар 538,5 теңге деңгейінде қарсылықты тексергенімен, одан жоғары орныға алмады.

Сауда жабылу кезінде бағам 538,11 теңге болып, нарықтың 537–539 теңге аралығындағы шектеулі коридорда тұрақталғанын көрсетті.

RUBKZT_TOM жұбы 6,37–6,42 теңге аралығында саудаланып, орташа бағам 6,375 теңге деңгейінде бекіді. Сауда көлеміндегі рубль үлесі 23,3%-ды, доллар үлесі 76,7%-ды құрады.