Freedom Finance Insurance колл-орталық қызметін ЖИ көмегімен жеңілдетті

Freedom AI Talks іс-шарасында Freedom Finance Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев жасанды интеллект технологияларын пайдалану колл-орталықтың қызметін жеңілдетіп, қоңыраулар ағынын реттеуге көмектескенін айтты.
Керімбаевтың айтуынша, алдымен компанияның колл-орталығында 35 адам жұмыс істеген және бұл тұста компанияның нарықтағы үлесі шамамен 10% болған. Алайда бизнес ауқымы кеңейген сайын қоңыраулар саны айына 65 мыңға дейін өскен.
«Осының әсерінен колл-орталықта 100 адам жұмыс істей бастады. Алайда бұл процессті қиындатты: яғни олардың оқыту және бақылау қажет болды, ал қоңыраулардың себептерін талдап отыруға іс жүзінде мүмкіндік болмады», – деп атап өтті Керімбаев.
Компания жасанды интеллект көмегіне жүгініп, тұтынушылардың сұраныстарын реттеуге көшті. Бірнеше сағат ішінде жасанды интеллект көптеген аудиожазбаны өңдеп, өтініштердің үш негізгі себебін анықтады: полисті рәсімдеу, қайта рәсімдеу (мысалы, көлік немесе жүргізушіні қосу) және сақтандыру төлемінің мәртебесін нақтылау.
Осы мәліметтер негізінде компания дауыстық көмекшіні енгізіп, ол белгілі бір бағыттағы сұрақтарға автоматты түрде жауап беретін болған.
«Алғашқы үш айда біз оператордың қатысуын талап ететін қоңыраулар санын 25% қысқарта алдық. Клиенттер боттан жауап ала бастады, ал колл-орталықтың қызметкерлері күрделі өтініштерге көбірек көңіл бөледі», – деді Керімбаев.
Маманның сөзінше, компания бұл тәсілді дамытуды жалғастырмақ. Болашақта сұраныстардың жартысынан көбін AI көмегімен өңдеуді жоспарлап отыр.
2025 фискалдық жылдың қорытындысы бойынша (2024 жылдың сәуірінен 2025 жылдың наурыз айының соңына дейін) Тимур Турловқа тиесілі Freedom Holding Corp. кірісі 2,1 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға артық. Холдингтің таза пайдасы 84,5 млн доллар болса, активтер 8,3 млрд доллардан 9,9 млрд долларға дейін өсті (жылына+19%).
Қазақстанда холдинг Freedom Broker және Freedom Finance Global брендтерімен брокерлік қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, Freedom Holding Corp. құрамына кіретін өзге де еншілес ұйымдар бар, мәселен, Freedom Bank және Freedom Insurance пен Freedom Life сақтандыру компаниялары және т. б.