Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы Мәскеу төрінде аталып өтті

Жарияланды 11 Қыркүйек 2025 11:24

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы Мәскеу төрінде аталып өтті / фото: instagram: daniyar_alievv

Мәскеуде қазақтың ұлы композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық деңгейдегі мерейтойлық шара өтті. Нұрғиса Тілендиев кезінде Мәскеу консерваториясында оқыған алғашқы қазақ баласы, мұны бірі білсе, бірі біле бермес.

Мерейтойға Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР-ның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев, сондай-ақ Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысының басшылығы, бірнеше мемлекет елшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Сахна төрінде композитордың қызы Дінзухра Тілендиева мен немересі Даяна Тілендиева әкеден дарыған өнерді жалғастырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында Нұрғиса Тілендиевтің жүрекке жақын әуендері орындалып, залды толтырған 500-ден аса көрерменді терең толқынысқа бөледі.

Сонымен қатар шара аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жеке заттарынан көшпелі көрме ұйымдастырылып, Алматы облысының қолөнер шеберлерінің туындылары жұрт назарына ұсынылды.

Еске сала кетейік, 16–17 қыркүйекте Алматыдағы Республика сарайында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған ерекше музыкалық қойылымның әлемдік премьерасы өтеді.

Сондай-ақ композитордың Алматыдағы мемориалдық музейі қайта жаңғыртылып өз жұмысын бастады.

Сондай-ақ оқыңыз