
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Қазақстан азаматы, кәсіпкер Камалутин Халиковке іздеу жариялады. Кәсіпкер қылмыс әлемнің серкесі Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының қызметін қаржыландырды деген күдікке ілінген. Бұл туралы елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне сілтеме жасап, елдің басылымдары хабарлады.
Күдікке ілінген кәсіпкер кім?
Камалутин Халиков Қазақстанда кәсіппен айналысады. Оның құрылыс саласында активтері бар. Қарағанды облыстық бокс федерациясының президенті. Бизнесмен бұған дейін Қазақстанда қылмыстық топ ұйымдастырғаны және Қырғызстаннан Қазақстанға контрабандалық тауар жеткізумен айналысқаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Қамшы Көлбаевпен байланысы
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Халиковтың Камчыбек Асанбекпен (Қамшы Көлбаев) бірнеше рет кездескенін анықтаған. Ал Көлбаев – адам өлтіру, адам ұрлау және қылмыстық топ ұйымдастыру сынды заңсыз қызметімен көпке танылған. Қазақстандық кәсіпкер Қырғызстанда бірлескен бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін қылмыс серкесінің қамқорлығына ие болғысы келген деген болжамдар айтыладын.
Сот шешімі
«Камалутин Халиков Камчыбек Асанбекпен Ыстықкөл облысындағы «Барс» демалыс орнында бірнеше рет кездескен», — делінген комитеттің ресми хабарламада.
Елдің қауіпсіздік омитеті келтірген айғақардан кейін Бішкектің Октябрь аудандық соты Камалутин Халиковты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындап, оған халықаралық іздеу жариялаған.
Кәсіпкердің Қазақстандағы бизнесі

Камалутин Халиковтың Қарағандыда тіркелген бизнесі бар. Кәсіпкер «Монтажпромстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жетекшілік етеді. Сонымен бірге Владимир Кокошко, Игорь Калиев сынды азаматтармен бірге компания құрылтайшысы ретінде тіркелген.
Қамшы Көлбаев туралы
Айта кетейік, Қамшы Көлбаев Қырғызстанда қылмыстық империя құрған адам. Қылмыс серкесі 2024 жылдың 4 қыркүйегінде арнайы операция кезінде қайтыс болды. Оның қылмыстық тобына Қырғызстанның 200-ден астам мемлекеттік қызметкерінің қатысы бар екені айтылады.
Осыған дейін Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысы бар деген күдікпен қазақстандық кәсіпкер Ерқанат Жұмабековтің іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.