Маңғыстау өңірі 2028 жылы донор аймаққа айналады – ҰЭМ болжамы

Маңғыстау өңірі 2028 жылы донор аймаққа айналады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде өткен жиында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.
Депутаттарға 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік экономикалық даму болжамы таныстырылды.
Әмрин жаңа бюджет кодексінің тәсілдері ескеріле отырып, «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заң жобасы әзірленгенін хабарлады.
«Жалпы сипаттағы трансферттердің болжамды көлемдерін айқындау кезінде есеп-қисаптың негізі ретінде жергілікті атқарушы органдардың бекітілген бюджеті алынды. Жергілікті бюджеттердің ағымдағы шығындарының болжамды көлемі инфляцияға индекстеу, сондай-ақ өңірдегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың болжамды саны ескеріле отырып есептелді», – деді вице-министр.
Жоспарға сәйкес, өңірлердің кірістері 2026 жылы – 10,7 трлн теңгеге, 2028 жылы – 13,3 трлн теңгеге артып, 124,3%-ды құрайды.
Алдын-ала есеп бойынша бюджеттік субвенциялар мынадай көлемде болжанып отыр:
- 2026 жылы – 5,1 трлн теңге;
- 2027 жылы – 6,4 трлн теңге;
- 2028 жылы – 6,8 трлн теңге.
Ұлттық экономика министрлігі алдағы 3 жылдықта кейбір өңірлердің субвенциялардан бас тартып, өзін-өзі толық қамтуға көшетінінен де үмітті.
«2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ететін өңірге айналады, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор мәртебесіне ие болады. Біздің бағалауымыз бойынша жергілікті бюджеттердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі орта есеппен 50,7 пайыздан 33 пайызға дейін төмендейді», – деді Әмрин.
Айта кетейік, Қазақстанда бюджетке тәуелді аймақтар көп. Қаржы тапшы аймақтар қатарында Оңтүстік Қазақстан өңірлері тұр. Мәселен, 2025 жылы республикалық бюджеттен еліміздің 17 өңіріне 5,7 трлн теңге субвенция бөлінсе, оның үлкен көлемі осы оңтүстік өңірлерге бағытталған.