
Шығыс Қазақстан облысында шетел азаматтары заңсыз жолмен қымбат металдар өндірген. Халықаралық топтың заңға қайшы жұмысын ІІМ әшкерелеген.
«ШҚО-да қымбат металдарды заңсыз өндіргені үшін 19 шетелдік азамат ұсталды», – делінген ІІМ хабарламасында.
Ішкі істер министрлігінің облыстық департаменті өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізген. Пайдалы қазбаларды заңсыз игерумен 19 шетел азаматы және 2 өңір тұрғыны айналысып келген.
Полиция тергеу барысында алтын және басқа да бағалы компоненттерді өндіруге арналған техникаларды тәркілеген. Олардың арасында экскаваторлар, бульдозерлер, ұсатқыш құрылғылар мен кен өндіруге арналған арнайы жабдықтар бар. Сонымен қатар құрамында алтын қоспалары бар металл бұйымдар да айғақ ретінде алынған.
Министрлік мәліметінше ,пайдалы қазбаларды заңсыз игеру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Заңға қарсы әрекет жасады деген күдікпен 20-дан астам адам тексеріліп жатқаны айтылған. Жағдайға қатысты барлық дәлелдер жинақталып, тиісті сараптамалар тағайындалған. Қазіргі таңда істің толық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Полиция күдіктілердің заңсызт әрекет негізінде аймақтың экологиялық қауіпсіздігіне елеулі зиян келтіргенін хабарлайды.