Жаңалықтар

Түркіменстанда дәрігерлерді мақта теруге мәжбүрлеп жатыр

Түркіменстанда дәрігерлер жаппай мақта теруге шығарылып отыр / фото: shutterstock
Түркіменстанда дәрігерлер жаппай мақта теруге шығарылып отыр / фото: shutterstock

Түркіменстанда дәрігерлерді, медбикелерді және басқа да медицина қызметкерлерін мақта теруге мәжбүрлеп шығарып жатыр.

Хроника Туркменстана ақпаратына қарағанда, соңғы үкімет отырысында 10 қыркүйектен бастап елдің барлық велаяты мақта жинауға кірісуі тиіс екені жарияланған. Ал 8 қыркүйекте-ақ Денсаулық сақтау министрлігі аймақтық басқармаларға медицина қызметкерлерін мақта теріміне тарту туралы нұсқау жіберген.

Лебап велаятының денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлерге, медбикелерге, санитарларға және техникалық қызметкерлерге күніне 45 келі мақта нормасын бекіткен.

Түркіменабадтағы көпсалалы жаңа аурухана мен инфекциялық ауруханада дәрігерлерді түнгі кезекшіліктен кейін де мақта теріміне шығуға міндеттеп отыр. Балама ретінде олар өз ақшасына жұмысшы жалдай алады. Ол шамамен күніне 50 манат тұрады.

Медперсоналдың айтуынша, жыл сайын мақта маусымында дәрігерлердің жалақысының 2/3 бөлігі жалдамалы жұмысшыларға кетеді. Себебі әркім демалыста немесе кезекшіліктен кейін егістікке шыға бермейді.

Биыл велаяд басшылары президенттің ресми бұйрығын күтпестен-ақ, тамыздың ортасында диқандарға мақта теруді бастап кетуді тапсырған. Мақсат – 27 қыркүйекте атап өтетін Тәуелсіздік күніне дейін өнім өткізу.

Ал Қырғызстанда дәстүрлі медицинаны заңдастыру мүмкін.