Банк пен қаржы

Alatau City Bank 50 млрд теңге мемлекеттік көмекті қайтарды

Alatau City Bank бұрын Jusan Bank деп аталған / фото: банктің баспасөз қызметі
Alatau City Bank / фото: банктің баспасөз қызметі

Alatau City Bank осы жылы 9 қыркүйекте облигациялары бойынша негізгі қарыз бен купондық сыйақыны толық өтеді. Осы арқылы мемлекеттен көмек ретінде алған 20 млрд теңгені қайтарды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасында жарияланған хабарламада жазылған.

«Alatau City Bank» акционерлік қоғамы 09.09.2025ж. Банк 20 012 277 777.78 теңге көлемінде ISIN KZ2C00002939 облигацияларына купондық сыйақы, негізгі борыш
сомасын өтеді», – деп жазылған құжатта.

Банктің баспасөз қызметі, сондай-ақ, екінші бір шығарылым бойынша да қарызын өтегенін хабарлады. Банк 2017 жылы шығарылған номиналы 1 мың теңгелік 30 млн дана TSBNЬ31 облигациясын да қайтарып алды. Екі шығарылым да банктің бастамасымен мемлекеттік қаражатты мерзімінен бұрын қайтаруды қамтамасыз ету аясында сатып алынды. Осылайша банк 50 млрд теңге облигацияларын толық сатып алып, мемлекеттік көмекті қайтарды.

Бұған дейін банк басшылығы мемлекеттен алған 50 млрд теңге көмекті мерзімінен бұрын қайтаратынын жариялаған.

Күні кеше Bank RBK мемлекеттік көмектің 37,302 млрд теңгесін мерзімінен бұрын қайтарды.

2017-2018 жылдары Қазақстандағы банк секторының қаржы тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында екінші деңгейлі алты банкке мемлекеттік көмек берілген. Олардың қатарында First Heartland Jusan Bank (қазіргі – Alatau City Bank), Халық Банк, Bank RBK, Еуразия банкі, «ЦентрКредит» және Нұрбанк бар.

Alatau City Bank – Қазақстандағы ірі банктердің бірі, 2025 жылғы дерек бойынша оның активтері 4,7 трлн теңгеден асады. Банктің меншікті капиталы 400 млрд теңгеге жуық.

Жазда бұл банкті миллиардер Вячеслав Ким сатып алып, «Қазақстан нарығы үшін жаңа қаржы институтын құруды жоспарлаймын» деген жоспарын айтты. Банк атауын Jusan-нан Alatau City Bank деп өзгертті.