Енді жүргізуші куәлігіндегі электронды чипті алып тастамақшы

Қазақстанда жүргізуші куәлігіндегі электронды чипті алып тастауды жоспарлап отыр. Чип енгізуге, пайдалануға қосымша шығын кететіндіктен осындай ұсыныс айтылып отыр деп түсіндірді Ішкі істер министрлігінен.
Тиісті бұйрық жобасын Ішкі істер министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялады.
«Олардың функцияларын қазір мемлекеттік деректер базасы мен ақпараттық жүйелер толық қамтамасыз етіп отыр. Осыған байланысты чипті алып тастау бюджет қаражатын үнемдеуге және құжаттарды дайындау үдерісін оңтайландыруға мүмкіндік береді», – деп жазылған құжатта.
Жобаны қоғамдық талқылау 22 қыркүйекке дейін жалғасады.
Жүргізуші куәлігі – жолға шыққанда машинада болуы міндетті құжаттың бірі.
2023-2024 жылдары жүргізуші куәлігін заңсыз алды деген 500 адам анықталып, тергеу жүргізілген еді.