Непалда шерушілер мен әскерилер арасында келіссөздер басталды

Непалда шерушілер өз көшбасшысын таңдады. Жоғарғы сотының бұрынғы төрайымы Сушила Карки елдегі уақытша министрлер кабинетінің басшысы болуға келісім берді.
Бұған дейін наразылық білдірушілер оны ықтимал кандидаттардың қатарында атап өткен.
Елдегі наразылықтардың басты қозғаушы күші – Gen-Z жастар қозғалысы. Көтеріліс басылып, ішкі пікірталас жүргізгеннен кейін бұрынғы Жоғарғы сот төрайымы Сушила Каркидің басшылығымен уақытша үкімет құру ұсынылды. Бұл ұсыныс Непал армиясы штабының бастығы Ашок Раджа Сигделге жолданған. Қазір шерушілер мен әскерилер арасында келіссөздер жүріп жатыр.
Дереккөздердің айтуынша, әскер бұл кандидатураға қарсы болмаған және Каркимен өз келіссөздерін бастаған.
Еске салайық, елде әлеуметтік желілерге тыйым салғаны үшін жаппай көтеріліс басталды. Шеруге шыққан жастар парламент ғимаратын өртеп, премьер-министрді отставкаға жіберді.