Қазақстанның қай өңірлерінде тұрғын үйге сұраныс жоғары

Тамыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 4,1%-ға өсті. Астана, Алматы, Қарағанды қалалары көш басында тұр, өйткені дәл осы өңірлерде баспана саудасы қыза түскен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, үйді сатып алу-сату бойынша 41 380 мәміле тіркелген. Оның ішінде жеке үйлер бойынша – 8 527 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 32 853 мәміле жасалды.
«2025 жылғы шілдемен салыстырғанда (39 742) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 4,1%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (9 457– 22,9%) және Алматы (8 402 – 20,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 923 – 7,1%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны жағынан Ұлытау облысы көш соңында тұр, бұл өңірде 283 мәміле (0,7%) жасалған», – делінген хабарламада.
Пәтерлерге сұраныс қалай
Бір айдың ішінде пәтерлердің мәмілелер саны 5%-ға (1 576 мәмілеге) көбейген. 2025 жылдың тамыз айында пәтерлер бойынша барлығы 32 853 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 79,4%-ы. Негізгі үлес Астана (28,4%), Алматы (23,6%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,6%) тиесілі. 1 бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары болған. Тамызда мұндай пәтерлер бойынша 12 734 мәміле рәсімделген.
Жеке тұрғын үй секторы
Тамызда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да шілдемен салыстырғанда 0,7%-ға (62 мәмілеге) өсті. Тамызда барлығы 8 527 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Ұлытау (+33,3%), Батыс Қазақстан (+14,6%), Жетісу (+14,3%), облыстарында байқалды. Ал Астана (-10,7%), Солтүстік Қазақстан (-9,9%), Ақмола (-8,6%) облыстарында соңғы бір айда керісінше сұраныс азайған.
Бір айдың ішінде жаңа тұрғын үйді сату бағасы 1,9%, пәтерлерді қайта сату 1,2% өссе, тұрғын үйді жалға алу төлемі 1,7% қымбаттады.
Айта кетейік Астанада жаңа тұрғын үйлер мен жалдамалы пәтерлер бағасы қайтадан қымбаттай бастады. Бір шаршы метрдің орташа құны 650 мың теңгеге жетті, ал жалдау ақысы шамамен 2%-ға қымбаттаған.