Жаңалықтар

QosLike қатысушысы Аякөз Асқарова дұға сатып, басы дауға қалды

Фото: instagram.com/ayaasko/

Блогер Аякөз Асқарова өз ойынан шығарған «ғажайып дұғаларын» әлеуметтік желідегі оқырмандарына сата бастаған.   Оның бұл әрекеті қазақстандықтардың наразылығын тудырды.

«Бұл группада бір ғана дұға берілмейді, бұл группада көптеген дұғалар айтылады. Дұғаның әдебі айтылады. Алладан қалай дұрыс тілеу керек екені айтылады. Көптеген ақпараттар дәл осы менің 1000 теңгелік хит болған группамда айтылады және сыйлықтар ойнатылады. Группаға төлем жасаған жандар, төлем жасап болғаннан кейін сразу чек жіберіңіздер»,- деп жазды  блогер әлеуметтік желідегі парақшасында.

Блогер  оқырмандарының көбі өзі ұсынған дұғаны айтып, пайдасын көріп жатқанын атап өтті.

«Бірінші Алла, мен ортада себепкермін. Дәл осы дұғаны біз де айтайықшы дегендерге дәл бүгін 24 сағат сатылымға рұқсат беремін. Ешкім сіздерді дұғаны сатып ал деп қинамайды. Дұғаны адам айта салмайды, оның да өз тәсілі бар. Мен дұғаны жай беріп қана қоймаймын. Оны қалай айтады, қай уақытта айтады, соның барлығын толықтай түсіндіремін», – дейді ол. 

Фото: видеодан скрин

Блогердің бұл қылығы көпшілік оқырманға жақпай қалды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланып, адамдар түрлі пікірлерін жарыса жазып жатыр.

«Бәрін сатады, бірақ дұғаны емес, бұл — цинизмнің шектен шыққан түрі, адамдардың сенімімен бұлай ойнауға болмайды», – деп жазуда оқырмандар.

ҚМДБ Аякөз Асқарованың бұл әрекетіне қатысты түсініктеме берді.

«Дұға — адамның Жаратушымен рухани байланысы. Оны ешқашан саудаламайды. Дұғаны сатып алу немесе сату шариғатқа қайшы. Мұндай әрекеттер халықты адастырып, дініміздің асыл құндылықтарын табыс көзіне айналдырады. Әрбір мұсылман шын көңілмен өзі дұға ете алады, ол үшін ақша төлеудің қажеті жоқ», — деп түсіндірді ҚМДБ.

 Айта кетейік Аякөз Асқарова QosLike жобасының бұрынғы қатысушысы.