Жаңалықтар

«Мәйітті мұздатқышқа сақтаған»: Ақтөбеде дәрігерді әріптесі қатыгездікпен өлтірген

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қалаға танымал нефролог Абай Айсағалиевті қатыгездікпен өлтіру ісін қарап жатыр. Соттың мәліметінше, қылмыс биыл мамыр айында болған. Дәрігер 23 мамырда із-түссіз жоғалып кеткен. Оны полиция мен еріктілер бірнеше күн бойы іздейді. Бір аптадан кейін дәрігердің мәйіті мұздатқыштан табылды.

Оқиғаның мән-жайы

31 жастағы сотталушы марқұмның әріптесі.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы диализ орталығында жұмыс істеген және марқұм Абай Айсағалиевпен жақсы таныс болған. Оның жалғыз тұратынын, банкте ірі көлемде ақшасы барын біліп, сеніміне кіреді.

Нефролог одан планшетіне банктік мобильді қосымшаларды жүктеуге көмек сұраған. Осылайша, сотталушы марқұмның ақшасы туралы барлық ақпаратты, ПИН-код пен құпия паролін біліп алған.

19 мамырда ол дәрігердің Астанаға көзіне ота жасатуға баратынын естйді. Ал 24 мамырда Айсағалиевтің қалаға оралғанын біліп, сол күні түн ортасында үйіне келген. Ештеңеге күдіктенбеген дәрігер әріптесін үйіне кіргізген. Сотталушы арам ойын ас үйде жүзеге асырады. Абай Айсағалиевті үш рет пышақтап, басын балтамен ұрған. Марқұм қайтыс болғаннан кейін, оның қол-аяғын байлап, басына пакет кигізіп, денесін мұздатқыш камераға салған. Артынша есігін скотчпен мықтап орап тастайды. Ал марқұмның телефон, планшет, ноутбуг және банк картасын өзімен бірге алып кетеді. .

Әрі қарай қылмыстық ойын жоспарлап, Pinduoduo сайтынан арнайы силикон маска сатып алады. Банкоматтарға силикон маскасын киіп барып, марқұмның есепшотынан бірнеше рет ақша шешкен.

27 мамырда хабарландыру сайты арқылы жүк таситын ГАЗель жалдап, мұздатқыш камераны №8 гараж кооперативіне апаруды сұраған. Ештеңеден күдіктенбеген жүргізуші мен жүк тиеушілерге мұздатқышта ет бар екенін айтқан. Кейін тағы көлік жалдап денені басқа мекенжайға апарған.

Тергеу барысында анықталғандай, марқұмның есепшотынан жалпы 5 млн 268 мың теңге шешіп алған. Ұрланған мүлікті есептегенде, жалпы шығын 7 млн 234 мың теңгені құрайды.

Сот процесі

Оған «Адам өлтіру» және «Ұрлық» баптары бойынша айып тағылып отыр. Сот отырысында 31 жастағы сотталушы кінәсін мойындап, бапты жеңілдетуді сұрады. Ол «зиян келтіру ниеті болмағанын» айтады. Сонымен қатар, іс қаралуы кезінде ол сотқа істі алқабилердің қатысуымен жүргізуді өтінді.

Алайда марқұмның туыстары бұған қарсы. Олардың айтуынша, қылмыс аса қатыгездікпен жасалған, ал сотталушының жанынан дәрігерге тиесілі алтын бұйымдар да табылған.