Жаңалықтар

Шымкентте 5-қабаттан кұлаған жігіт аман қалды

Шымкентте 5-қабаттан кұлаған жігіт аман қалды/Фото: Дилара Иса

Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 5-қабаттан абайсызда аяғы тайып, құлаған 26 жастағы жігітті дәрігерлер аман алып қалды. Оқиға 22 тамыз күні болған. Ол есін жиғанымен, әлі ауруханада төсек тартып жатыр.

Аты-жөнін, бет-бейнесін көрсетуден бас тартқан жігіттің сөзінше, балконда тұрғанда аяғы тайып, құлап кеткен. Ол есінен танып қалған, ауруханаға қалай келгенін білмейді.
Қалалық көпбейінді ауруханада ем алып жатқан оны дәрігерлер өлім аузынан алып қалған. Ауруханаға бірнеше жарақатпен өте ауыр жағдайда түскен. 4 күн ес-түссіз жатқан.

«Есімді жинғаннан кейін 5 күн жан сақтау бөлімінде жаттым. Қазір палатаға шықтым, жағдайым бірқалыпты. Екінші рет дүниеге келдім десе болады», – дейді ол.

Дәрігер-нейрохирург Мергенбай Рахымның сөзінше, науқас ауруханаға түскенде бірнеше диагноз қойылғанын айтады.

«Науқас ауруханаға бас миының ашық жарақатымен, бас миының соғылуы, ауыр дәрежеде маңдай сүйектерінің және төбе сүйектерінің жаншылып, сынуы, жоғарғы жақ сүйектерінің ығысып сынуы, жоғарғы төрт тісінің сынуы, кеуде қуысы жарақаты, жамбас сүйектерінің сынуы және аяқ-қол сүйектерінің күрделі ашық сынықтарымен түсті», – дейді дәрігер.

Дәрігерлер оның сынған сүйектерін бір-бірден жинап, қатарынан 5 ота жасап қалпына келтірген. Қазір емін жалғастырып жатыр. Өзіне-өзі келген соң, бұғанасына ота жасалу жоспарланған. Дәрігерлер 2-3 күнде оны үйіне шығаруды жоспарлап отыр.