Шардарада мүгедек әкесін қорлаған жігіттің әйелі де істі болды

Жарияланды
полиция
Мүгедек әкесін қорлаған жігіттің әйелі де істі болды / Фото: Shutterstock

Түркістан облысы Шардара ауданында әкесін балағаттап, ұрып-соққан еркектің әйеліне де қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Полицияның мәліметінше, қарт адамның қайтыс болу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің «жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, сот санкциясымен 2 айға қамауға алынған.

«Сонымен қатар әйелге (күдіктінің әйелі) қатысты Қылмыстық кодекстің «Адамдар тобы жасаған ұрыстар» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау, оның ішінде қылмыстық процеске қатысушылардың барлығының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру бойынша тергеу жүргізілуде», – делінген полиция хабарламасында.

Департамент марқұм зейнеткер және өзге де адамдардан оның зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы арыз, не хабарлама бұрын-соңды полицияға түспегенін мәлімдеді.

Өткен жексенбіде әлеуметік желіде қартайған мүгедек әкесін баласы аяусыз соққыға жыққан видеосы тарады. Видеодан көшеде және үй ауласында баласы мен келіні сөйлей алмайтын, өздігінен жүріп-тұра алмайтын әкесін сүйреп, балағаттап, ұрып-соққанын көруге болады.

Ертеңіне полиция әкесін таяқтың астына алған баласының ұсталғанын мәлімдеген. Кейіннен зейнеткердің жаназасы 4 қыркүйек күні шығарылғаны белгілі болды. Ал күдікті ауылдың мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істегені айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз