
Алматының авиациялық көлік прокуроры Ақтау қаласының мамандандырылған сотының шешіміне шағым түсірді. Бұған дейін сот ұсақ бұзақылық фактісі бойынша Ерболат Әбдіровке қатысты істі тоқтату туралы шешім шығарған.
«Осы сот актісінің заңдылығы мен апелляциялық шағымның дәлелдері Маңғыстау облыстық сотында белгіленген тәртіпте қаралатын болады.
Қызметтік тексеру жүргізілуіне байланысты «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 38-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес Әбдіров Ерболат оның жауаптылығы туралы мәселе түпкілікті шешілгенге дейін қызметінен уақытша шеттетілді», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Әбдіровтің Алматы әуежайында ұсталып, айыппұл арқалағаны хабарланды. Содан кейін Маңғыстау облысы прокуратурасы оған қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеген.