Каспий тағдыры: жабылып суын ішкендер жұмылып әрекет етпей отыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Каспий теңізі болашақта қалай өзгеруі мүмкін/фото: shutterstock

Президент Қазақстан халқына жолдауында Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны алаңдаушылық білдірді. Мұның келешекте экологиялық апатқа айналуы мүмкін екенін де айтып өтті. Осыған байланысты үкіметке жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырды. KursivMedia Каспийдің қазіргі жай-күйі, теңіздегі су көлемінің не себепті азайып жатқанын сала мамандарынан сұрады.

Тоқаев тапсырмасы

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда Каспий теңізі бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе екенін айтты.

«Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет. Бұл құжат Каспий маңындағы елдердің үйлесімді әрі жедел әрекет етуіне арқау болуға тиіс», – деді президент.

Енді ел үкіметі мемлекетаралық бағдарлама әзірлейді. Сондай-ақ Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында Тоқаев Су мәселелері жөніндегі кеңес құру туралы ұсыныс айтқан.

Каспий климаттың өзгеруінен тарылып жатыр

The save Caspian sea қозғалысының негізін қалаушы Вадим Нидің айтынша, Каспий теңізі климаттың өзгеруі салдарынан тарылып жатыр.

«Каспий теңізі мен Арал теңізінің су көлемін салыстыруға келмейді. Каспий теңізінде су әлдеқайда көп, бірақ негізгі су Еділ өзені арқылы келеді. Ол ағынға Ресей аумағындағы Еділ өзені алабында түсетін жауын-шашын, жаңбыр мен қар әсер етеді. Қазір аймақта температура көтерілді. Кейінгі жылдары Еділ өзені маңында жауын-шашын мөлшері азайды, соған сәйкес өзен ағыны да төмендеді. Яғни, бұл ең алдымен климаттың өзгеруінен болып отыр», – дейді Ни.

Вадим Нидің сөзінше, жауын-шашын мөлшерін болжау қиын. Ал қар көлемін өлшеп, соған қарай су ағынын есептеуге болады. Алайда сарапшы 21 ғасырдың соңына дейінгі болжам көңіл көншітпейтінін айтады. Осы аралықта су көлемі тағы да бірнеше метрге азаюы мүмкін.

«Су көлемі 2,5-3 метрге дейін азаяды. Тіпті 7-8 метрге дейін төмендеуі мүмкін. Кей ауданда жағалау сызығы 25 метрге, ал кей жерде 19 метрге тартылды. Яғни, жағалау алыстады, теңіздің ішінде бұрын болмаған аралдар пайда болды», – дейді Ни.

Табиғи тептеңдік бұзылды

Каспий теңізіне қатысты алғашқы экологиялық бағдарламаның және Су кодексінің алғашқы нұсқасын әзірлеуге қатысқан мамандардың бірі Болат Есекин теңіз суының тартылуына климаттың өзгеруі әсер етіп отырғанын жоққа шығармады. Алайда оның бәрі табиғаттағы теп-теңдік жоғалғанынан туып отыр дейді.

«Каспий теңізі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары үшін аса маңызды. Өйткені ол – су ресурсы көзі, балық шаруашылығының негізі. Ғалымдар теңіз суының тартылуына климаттың өзгеруі себеп болып отыр дейді. Ал климаттың өзгеруі адамзаттың іс-әрекетімен тікелей байланысты.

Қазір су қоймасы мен бөгет көп салынады, оның салдарынан булану артып, теңізге жететін су азайған.

Адамдардың жерді шамадан тыс жыртуы, су қоймалары мен бөгеттер салуы, суды көп пайдалануы және ормандарды жоюы табиғи тепе-теңдікті бұзды. Әлемде ормандар жылдам азайып жатыр. Ал орманның рөлі ерекше, ол мұхиттан буланған суды тарту арқылы жауын-шашынды ішкі құрлықтарға жеткізеді», – дейді Есекин.

Экология мен экономика қатар жүреді

Алайда бұл Каспий теңізі толық тартылып қалады дегенді білдірмейді. Жағалау тартылса кей жерінен кеме жүре алмай қалады.

«Ақтау қаласы ауыз суды Каспийден алып отыр. Су деңгейі төмендесе, қалаға су жеткізу қиындайды. Каспий маңында туризмді дамыту үшін көптеген қонақүй, демалыс орындары салынды. Жағалау 25-50 метрге шегінсе, бұл орындар көпшілікті қызықтырмай кетеді. Турист қонақүйге орналасса, теңізге жету үшін тағы 100-200 метр жаяу жүруі керек болады», – дейді Ни.

«Жерді қалпына келтіру қажет»

Болат Есекин Каспийді сақтап қалу үшін жерді қалпына келтіру жұмыстарын бастау қажет деп санайды.

«Бұрын өзендерді толтырып, Жайық пен Еділді, Каспийді, Балқашты толтырып отырған табиғи механизм бұзылды. Бұл біздің әрекетіміздің салдары. Әсіресе, табиғи, адам аяғы тимеген жерлердің бұзылуы аса қауіпті. Өйткені белгілі заңдылық бар: тек адамның қолы жетпеген табиғат қана су мен климат айналымының осы тетігін сақтап тұрады. Ал біз оны жол салу, кен орындарын игеру, егіншілік үшін жер жырту, егістіктерді суару үшін суды артық пайдалану сияқты әрекетіміз арқылы бұзамыз. Табиғи процестерді бүлдіреміз. Бұл – климат, су айналымы және Каспий деградациясының басты себебі», – дейді Есекин.

Сол себепті Каспий теңізін зерттеу жеткіліксіз дейді маман.

«Каспийдің тартылуы – Ресей, Қытай, Қазақстанның және өзге де елдердің әрекетінің салдары. Өйткені бұл мемлекеттер әлі де жер жырту көлемін ұлғайтуға, суармалы егістік алқаптарын арттыруға, суды көбірек алуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қабылдап отыр. Халық саны өсіп келеді, сұраныс артып жатыр. Біз барған сайын табиғаттан көбірек ресурс тартып аламыз. Соның салдарынан табиғи процестер бұзылып жатыр», – дейді ол.

Каспий кімге керек?

Есекин Каспийдің жай-күйі Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран, Түрікменстан үшін де маңызды екенін айтады. Алайда бұл елдер дауласып, не істеу қажет екенін білмей отыр.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Иран президенті Ибрахим Раиси,, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев/фото: Ақорда

Вадим Ни президенттің Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында айтқан ұсынысының астарында басқа елдердің назарын осы мәселеге назар аудару жатқанын айтады.

Сөзінше, суға қатысты мәселені екі жақты емес, көп мемлекеттің қатысуымен шешкен жөн. Мәселен, Қазақстан – Ресей, Ресей – Әзербайжан, Әзербайжан – Қазақстан емес, бәрінің жұмыла қатысқаны тиімді.

«Президент ШЫҰ алаңын пайдаланды. Өйткені Ресей ұйымға белсенді қатысады. Сондай-ақ бұл ұйымға Иран да мүше. Әзербайжанның да осы ұйымға кіруі жоспарланған еді, бірақ бұл жолы жүзеге аспады. Яғни, Түрікменстан ғана қалады. Сондықтан осындай көпжақты алаңды пайдалану маңызды. Ал Қытайдың қатысуы Ресеймен осы мәселелерді талқылауда жаңа мүмкіндік береді», – дейді Ни.

Айтуынша, тараптар шекара маңындағы ынтымақтастық форумы аясында Қазақстан-Ресей форматында Каспий, Ресейден келетін өзендердің ағысына қатысты мәселелерді көтеруге тырысқан. Алайда нәтиже болмаған.

«Қытай үшін Каспийдің кеме қатынасына жарамды болуы маңызды, өйткені ол жерде Каспий арқылы Қазақстаннан жүк тасымалдау мәселесі талқыланып жатыр. Іс жүзінде, Қытай арқылы Еуропаға баратын маңызды транзиттік арналарының бірі», – дейді Вадим Ни.

Сондай-ақ оқыңыз