
Астанада әнші әрі блогер Рүстем Жүгінісовке қатысты әкімшілік іс сотқа жетті. Ол Ақтөбедегі мешітте болған жағдайдан кейін, бойжеткенге қарата айтқан сөзі үшін әлеуметтік желіде сынға қалған еді.
Бұған дейін Ақтөбедегі мешіттердің бірінде ер адам қызға «бір реттік неке» ұсынған. Жәбірленуші Эммануэлла Наурызбаева бұл жайында әлеуметтік желіде жазып, өзіне тиіскен адамның видеосын жариялады. Полиция видеодағы адамды тауып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабы, 2-бөлігі («қоғамдық орындарда тиісу») бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Ер адам бес тәулікке қамалды.
Ал Рүстем Жүгінісов бұл жағдайға пікір білдірді.
«Егер мешітте солай жүрсеңіздер, ер адамдар жаман ойға кетеді. Сондықтан абай болыңыздар. Намазды кешке үйде оқыған дұрыс», – деді ол.
Әлеуметтік желідегі сыннан кейін әнші-блогер көпшілік алдында өз сөзі үшін кешірім сұрады.
Алайда сот кабинетінде Жүгінісовке қатысты әкімшілік іс пайда болған. Іс әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабы, 2-бөлігі бойынша тіркелген. Бұл бапта Қазақстан конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгiттеуге, экстремизмдi немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға бағытталған масс-медиа өнiмiн, сол сияқты өзге де өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату әрекеті көрсетілген.
Айта кетейік, хаттаманың Жүгінісовтің қай әрекетіне байланысты толтырылғаны белгісіз.