Жедел жәрдем қызметінде жүрген Қытай көліктері Астананың аязында сына берген

Астанада жедел жәрдем станциясы жиі бұзылатын 12 реанимобильді балансынан шығарып, оларды емханаларға беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы коммуналдық кәсіпорынның директоры Нұрданат Беркінғали мәслихаттағы отырыста айтты, деп хабарлады informburo.kz басылымы.
Әңгіме JAC Sunray маркалы көліктер туралы болып отыр. Бұл нарықта ұсынылған екі модельдің бірі.
«Біздегі осы 12 көліктің қозғалтқышы үнемі бұзыла берді. Бұл мүмкін пайдалану ерекшелігінен де шығар, білмеймін. Оңтүстікте бұл модель өзін жақсы көрсетті. Онда екі литрлік бензинді турбоқозғалтқыш қойылған. Жылы аймақта жақсы жүріп тұр, бірақ неге екені белгісіз, аязға шыдамайды», – деді Беркінғали.
Оның сөзінше, бұл көліктер жедел жәрдемнің қарқынына шыдамайды, бірақ сапасы емханаларда жұмыс істеуге жарайды. Сондықтан станция оларды стационарларға беруді көздеп отыр.
Ал жаңа реанимобильдер сатып алуға әзірге мүмкіндік жоқ, себебі 12 JAC Sunray әлі баланста тұр.
«Бізге белгіленгеннен артық көлік алуға болмайды. Ал есептен шығару процесі ұзаққа созылып кетті. Норматив бойынша 160 көлік пен 10% резерв ұстауға рұқсат етіледі. Ал бізде 194 көлік бар. Сондықтан жаңа көлік сатып ала алмаймыз, ескісін де шығара алмай отырмыз», – деді ол.
Коммуналдық кәсіпорын басшысы алдағы уақытта 10 көлік сатып алуды жоспарлап отырғанын, олардың құны жабдықсыз 36 млн, арнайы жабдықтармен 65 млн теңгеге дейін қымбаттайтынын айтады. Оған қымбат зембілдер мен дефибрилляторлардың орнатылатыны себеп. Қазіргі уақытта станция «Казмедтех» лизингтік компаниясына 150 млн теңгені резервке қойып, клинико-техникалық негіздемені алып қойғаны, жаңа көліктерді коммуналдық кәсіпорын өз қаражаты есебінен төлейтіні айтылды.
Бұған дейін, сарапшылар қытай көліктері мен корейлік Kia Sportage-ін салыстырып, сапасын тексерген болатын.