Үйірме басшысы Damu Bala бағдарламасы арқылы 23 млн теңгені жымқырған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Абай облысында балалардың шығармашылығы мен спортын дамытуға арналған «Damu Bala» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат ұрланғаны анықталды. Қаржы мониторингі агенттігінің облыстық департаменті істі тергеп, сотқа жеткізді.

Тергеу мәліметінше, «SAMGAU өнер&спорт мектебі» ЖШС директоры үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың жалған тізімін жасап, мемлекеттен қаржы алып отырған.

Алайда ай сайынғы есептерде көрсетілген балалардың бір бөлігі сабаққа мүлде қатыспаған, ал кейбірі бағдарламадан хабарсыз болған.

Мәселен, сурет үйірмесіне қатысушы ретінде тіркелген бір бала, шын мәнінде, Алматы облысында тұрады және ешқашан сабаққа қатыспаған.

Осылайша, жалған деректер арқылы мемлекетке 23 млн теңге шығын келтірген. Күдікті бұл ақшаны тергеу барысында толық қайтарды.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жылға шартты жаза алды. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Қызылордада «Даму бала» бағдарламасына қатысқан кәсіпкерлерден 88 млн теңге талап еткендерге қатысты сот ісі аяқталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз