Жаңалықтар

АҚШ G7 елдерінен Үндістан мен Қытай тауарларына кеден салығын көтеруді талап етпек

АҚШ
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Financial Times басылымының жазуынша, Вашингтон «Үлкен жетілікке» (G7) кіретін елдерге қысым көрсетіп, Ресей мұнайын сатып алып отырған Үндістан мен Қытайға қарсы кеден салығын айтарлықтай арттыруды ұсынбақ.

Басылымның дерегінше, жұма, 12 қыркүйек күні G7 қаржы министрлерінің онлайн-конференциясы өтеді. Кездесу барысында АҚШ осы бастаманы ресми түрде көтеріп, одақтастарын қолдауға шақырмақ.

Бұған дейін Financial Times АҚШ президенті Дональд Трамптың Еуроодақты Қытай мен Үндістанға 100 пайыздық баж салығын енгізуге үндегенін хабарлаған еді. Мұндай шара арқылы Вашингтон Мәскеуге қысымды күшейтуді көздеп отыр.

Енді Трамп өз бастамасын кеңейтіп, Еуропа елдерімен қатар, «Үлкен жетілік» мүшелерін де бұл қадамға тартпақ деп жазады басылым.

АҚШ жыл басында Ресейдің бірқатар мұнай компанияларына, мұнай тасымалымен айналысатын кемелерге санкция салған болатын.

Ал 27 тамызда АҚШ-тың Үндістанға баж салығын 50%-ға дейін көтеретін заңы күшіне енді. Вашингтон Нью-Делиге Ресейден мұнай сатып алғаны үшін экономикалық шектеу енгізді.