Жаңалықтар

LuLu Group Қазақстанда ет өңдейтін зауыт салады

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зипероы

Премьер-министр Олжас Бектенов БАӘ-нің ірі ритейлері LuLu Group International басшысы Юсуф Алимен кездесті. Тараптар агроөнеркәсіп саласындағы жаңа жобаларды талқылады.

LuLu Group қазақстандық ет пен ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттап отыр және ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Компания Қазақстанда ет өңдеу зауытын және аграрлық өнімдерге арналған үлестіру орталығын салмақ.

Олжас Бектенов бұл бастамалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларымен үндесетінін атап өтті.

«Агроөнеркәсіп кешені еліміздің экономикасында қашанда маңызды орында. Қазақстан бірлескен агротехнопарктер мен экспортқа бағытталған логистикалық хабтар құрудан бастап, электронды коммерцияны және басқа да жобаларды дамытуға дейінгі ынтымақтастықты кеңейтуге дайын. Ол үшін елімізде барлық қажетті жағдай жасалған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстан бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін 70-тен астам елге экспорттайды және бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Қытайдан келген инвесторлар Ақтөбеде зауыт салып, Атыраудағы құбыр құрылысын қаржыландыратыны белгілі болған.