Жаңалықтар

Миллиардер Владимир Кимге тиесілі банк 28 млрд теңгеден аса дивиденд төледі

Банк акционерлері қомақты дивиденд алды / kazakhmys.crealog.kz, бильд-редактор: Дина Карамчакова

Bank RBK 2024 жылғы жұмысының нәтижесінде акционерлеріне 28 млрд теңгеден дивиденд үлестірді. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланды.

Банк қарапайым акция иелеріне 27,7 млрд теңге төледі. Төленген сомаға шаққанда бір акцияға тиесілі дивиденд мөлшері 17,22 теңге болды.

Бұдан бөлек, банк артықшылықты акциялар иелеріне де дивиденд аударған. Бұл мақсатқа 477 млн теңге бөлініп, бір артықшылықты акцияға шаққанда төлем мөлшері 1 060 теңгені құрады.

KASE деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк капиталының 89,77%-ы «КСС Финанс» компаниясына, тағы 6,49%-ы банк басшысы Наталья Акентьеваға тиесілі.

Айта кетейік, Forbes Kazakhstan рейтингінде Владимир Ким Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың үштігіне кіреді. Басылым оның дәулетін 5,7 млрд АҚШ долларына бағалап отыр.

Bank RBK – 2017 жылдары мемлекеттен көмек алған банктердің бірі. Былтыр банк мемлекеттен алған көмегінің 37,3 млрд теңгесін уақытынан бұрын қайтарғанын мәлімдеді.

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Bank RBK актив көлемі бойынша Қазақстандағы 22 банк ішінде 9-орында тұр.