
Алматыда өтетін тарихи ойынға санаулы күндер қалды. «Қайрат» пен әлемнің ең атақты клубтарының бірі – мадридтің «Реал» командасы арасындағы Чемпиондар лигасының матчына Испаниядан 1000-нан астам жанкүйер келеді.
Бұл туралы Қазақстандағы Испания Корольдігінің елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес клубтың базасына барған кезде айтты.
Елші «Қайраттың» инфрақұрылымымен танысып, алдағы ойынға дайындық мәселелерін талқылады.
«Алматыға 6500 шақырымнан астам қашықтықты еңсеріп, өз командасына қолдау білдіру үшін мыңнан аса жанкүйер келеді. Испания елшілігі қонақтарға консулдық қолдау көрсетуге дайын», – деді Монтес.
Айта кетейік, 30 қыркүйек күні Алматының Орталық стадионында «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасында ойын өтеді. Матч билеттері 20 қыркүйек күні сатылымға шығады.