Жаңалықтар

Назым Қызайбай бокстан әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Назым Қызайбай жартылай финалға шықты / фото: olympic.kz

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы, тәжірибелі боксшы Назым Қызайбай Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Отандасымыз 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жүр. Ширек финалда ол украиналық Анна Охотамен қолғап түйістірді.

Қызайбай жекпе-жекті сенімді бастады. Алғашқы раундтан-ақ қарқынды шабуылға көшіп, ауыр соққыларымен қарсыласын есеңгіретті. Қалған раундтарда да басымдылығын жібермей, 5:0 есебімен таза жеңіске жетті.

Осылайша, Назым Қызайбай әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, кем дегенде қола медальді қоржынға салды. Айта кетейік, Назым Қызайбай бұған дейін үш дүркін әлем чемпионы атанған.