Жаңалықтар

Үкімет 202 жобаны жүзеге асырып, елді импортқа тәуелділіктен арылтпақшы

Атаулы әлеуметтік көмек алатындарға азық-түлік жеңілдікпен беріледі
Үкімет 202 жобаны жүзеге асыру арқылы импортқа тәуелділіктен құтылмақшы / Фото: kursiv.media

Үкімет 202 жобаны жүзеге асырып, елді импортқа тәуелділіктен арылтпақшы. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Вице-премьер Серік Жұманғарин агроөнеркәсіптік жобаларды кең ауқымда тарату және инфляцияны тежеу мәселелері бойынша жиын өткізген. Жиын барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы АӨК-тің 12 бағыты бойынша 202 жобаны қамтитын 2025–2027 жылдарға арналған «Инвестицияға тапсырыс» тұжырымдамасын таныстырған. Оған сәйкес, импортқа тәуелділігі жоғары өнімдерді өндіру қуатын арттыру көзделген.

Атап айтқанда, елде аз өндірілетін мынадай өнім түрлеріне басымдық берілмек:

  • құс еті (қамтамасыз етілу деңгейі – 79%);
  • ірімшік пен сүзбе (52%);
  • қант (33%);
  • шұжық өнімдері (60%);
  • балық өнімдері (67%).

Сонымен қатар астық, картоп, жеміс-көкөніс дақылдары, тері мен жүнді терең өңдеуге қатысты жобалар мен сүт-тауарлы фермалар, жылыжай кешендері мен қоймалар салу көзделген.