ITS IDEAS 2025 және Astana Finance Days: ЖИ инвестиция саласын қалай өзгертеді

Соңғы уақытта жасанды интеллектің (ЖИ) барлық салаға енуіне байланысты адамдардың оған деген көзқарасы екіге бөлінді. Бір тарап ЖИ-сыз өмір сүру де, жұмыс істеу де мүмкін емес деп санайды. Тіпті, ЖИ-мен жұмыс істей білу – сонау 1990-жылдардағы түйіндемеде «компьютерді еркін меңгерген» деген мәртебемен теңестіріліп, қазіргі еңбек нарығындағы міндетті базалық дағдыға айналды. Ал екінші тарап ЖИ-ді «ұлы теңестіруші» деп есептейді. Себебі ЖИ біліксіз адамдарды жалған сарапшы деңгейіне көтеріп жібереді. Ал нағыз кәсіби мамандар онсыз-ақ жұмыс істей алады деген ойда.
Бұл орайда Қазақстан билігі бірінші тараптың ұстанымына басымдық беретін секілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйек күні халыққа жолдауында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырып, қазіргі әлемнің дамуы жасанды интеллексіз мүмкін емес екенін мәлімдеді.
Қалай болғанда да, бүгінгі күні жасанды интеллект қаржы саласына дендеп еніп, салалық іс-шараларда жиі талқыланатын тақырыпқа айналып үлгерді. ЖИ-дің сын-тегеуріндері, артықшылықтары мен ерекшеліктері 3 қыркүйекте Астанада өткен «ITS Ideas 2025: Жаһандық нарықтағы инвестициялық мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» атты жыл сайынғы конференцияның негізгі өзегіне айналды. Бұл іс-шараны шетелдік бағалы қағаздармен сауда жасауада қолжетімділікті ұсынып жүрген ITS халықаралық сауда алаңы ұйымдастырды.
ITS жыл сайынғы конференциясының алғашқы сессиясында Astana Hub резиденті – Зерокодер мектебінің негізін қалаушы әрі бас директоры Кирилл Пшинник сөз сөйледі. Пшинник жасанды интеллектінің классикалық қор нарығында ғана емес, криптоактивтер, венчурлік жобалар және жылжымайтын мүлік салаларында трейдерлер мен сарапшылар, қор менеджерлері тарапынан белсенді қолданыла бастағанын айтты.
«Біз жасанды интеллект суперқымбат шешімдер мен тұтас бір дата-сайентистер командасын талап ететін кезеңде емес, керісінше, ол баршаға қолжетімді болған уақытта өмір сүріп жатырмыз. Қазір ЖИ-ді жеке инвестор да, инвестициялық қор да, хедж-қор да пайдалана алады… Сондықтан ЖИ-мен жұмыс істеуді үйрену қажет, себебі бұл – бүгінгі күні аса сұранысқа ие дағды. Осы салаға терең бойлаған сайын, сіз көптеген пайдалы дүниелерді меңгеріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашасыз», – деді Пшинник.
Сарапшы жасанды интеллектің ақпаратты жинау мен талдау үрдісін қалай жылдамдататынын, инвестициялық стратегияларды әзірлеуге көмектесетінін және активтерді тиімді бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Айтуынша, ЖИ нақты инвестордың мақсаттарын ескере отырып, портфельді теңгерімдеуге ықпал етеді. Десе де, ЖИ-дің жауаптарын міндетті түрде тексеру қажет екенін ескертеді. Себебі кейде ЖИ «галлюцинацияға» ұшырап, ойдан шығарылған сандарды, деректер мен шешімдерді ұсынуы да мүмкін.
Пшинник жасанды интеллекті қолданудың практикалық мысалы ретінде 2025 жылы BlackRock компаниясы ұсынған AlphaAgents мультиагенттік жүйесін алуға болатынын айтты. Бұл шешім жасанды интеллекттің базалық модельдеріне негізделген үш мамандандырылған агентті біріктіреді: іргелі талдау агенті, жаңалықтар негізінде сентимент-талдау жүргізетін агент және бағалық агент. Бұлар әрбір инвестордың жеке тәуекел профилін ескере отырып жұмыс істейді.
Соңғы жылдары жасанды интеллекті дамытатын және осы технологиялардың жұмыс істеуінің «берік болаты» ретінде танылған компаниялардың акциялары қарқынды өсім көрсетті. Бұл үрдіс болашақ экономика мүмкіндіктеріне қол жеткізгісі келетін инвесторлардың салаға көптеп тартылуына жол ашып жатыр.
Қазіргі таңда ITS сауда алаңы инвесторларға жасанды интеллектпен байланысты Nvidia, Microsoft, Alphabet (Google), Amazon және Salesforce сынды жетекші халықаралық компаниялар акцияларын ұсынады. Бұл бағалы қағаздар, сонымен қатар, өз индексінің алаңы ITS World құрамына кіреді. Индекстегі 50 акциядан тұратын қоржынды сатып алу үшін инвесторлар ITS-ке қосылған брокерлер арқылы ITSW ETF қорын сатып алуы қажет.
Бұған қоса, инвесторлар үшін ITS платформасында жасанды интеллектіге бағытталған мынадай арнайы қорлар да қолжетімді: Global X Artificial Intelligence UCITS ETF (AIQU), L&G Artificial Intelligence UCITS ETF (AIAG) және Xtrackers Artificial Intelligence & Big Data UCITS ETF. Бұл қорлар чип өндірушілерден бастап бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілерге дейінгі, жасанды интеллектіні нақты секторға енгізіп жатқан компанияларды біріктіреді.
Жасанды интеллект тақырыбы ITS Ideas конференциясы барысында инвестициялық идеялар тұрғысынан бірнеше рет көтеріліп, біртіндеп Astana Finance Days форумына ұласты. Форумға арнайы қонақ ретінде финтех саласындағы танымал футуролог, Аустралиядан шыққан сарапшы Бретт Кинг келді. Кинг – «Bank 2.0», «Bank 3.0», «Bank 4.0» және «Қосымша шындық дәуірі» атты қаржы жүйелерінің болашағы туралы әлемдік бестселлерлердің авторы.
AFD форумының алғашқы күні Жасанды интеллект пен қаржы нарығының болашағын талқылаумен өтті. Онда «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров пен футуролог Кинг қаржы қызметтері мен банкинг саласын ЖИ қалай өзгертетінін, бұл орайда дәстүрлі қаржы жүйесінің бұл өзгерістерге не себепті бейімделуге мәжбүр екенін талқылады.
«Жасанды интеллект қаржы қызметтерін өзгертеді, өйткені автономды жүйелерге көшу және «қараңғы фабрикалар» мен жеткізу тізбектерін автоматтандыру секілді технологиялардың ауқымды түрде енгізілуі дәстүрлі қаржы жүйесін жаңа шындыққа жарамсыз етеді», – дей келе Кинг жарықсыз жұмыс істейтін, жарықты талап етпейтін барлық операцияларды тек роботтар орындайтын өндіріс орындары феноменіне назар аударды. Айтуынша, бұл үрдіс бүгінде кеңінен таралған.
Сондай-ақ, Кинг қазіргі қаржы жүйесінің тиімді жұмыс істеуі үшін бейімделген инфрақұрылым қажет екенін атап өтті. Соңғы 100 жылда жинақталған тәжірибе маңызды, алайда бұл тәжірибе болашақ технологиялар үшін өзектілігін жоғалтқаны себепті оны жаңа жағдайларға қолдану мүмкін емес. Маман жасанды интеллектіге негізделген экономиканы қолдау үшін реттеуші органдар бақылаудан гөрі жаңартылған технологиялық ортаны қалыптастыруға ықпал етуге басымдық беруі тиіс деген пікірде.
«Технологиялар экспоненциалды түрде дамып жатыр, ал нормативтік-құқықтық база әлдеқайда баяу өзгереді. Дәл осы алшақтық қазіргі нарықтағы ең үлкен тәуекелдерді туындатып отыр», – дейді Кинг.
Нормативтік-құқықтық базаны қайта қарау қажет екенін өз жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өтті.
«Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс», – деді президент.
Технологияларға қатысты Кинг алдағы бес-он жылда экономикадағы стратегиялық шешімдердің басым бөлігі жасанды интеллектің көмегімен қабылданатынын болжап отыр. Айтуынша, қазіргі таңда бұл технология адам еңбегін толықтыратын құрал ретінде пайдаланылып жүр, ал болашақта салаларды оңтайландыратын негізгі тетікке айналуы мүмкін.
«Бүгінде адамдардың екі түрін бөліп көрсетуге болады: бірі – мансап пен бизнесті дамыту үшін жасанды интеллекті пайдаланатындар, екіншісі – уақыт өте келе жасанды интеллекті пайдаланатындар қатарына қосылатындар. Бұл – бәріміз қатысатын ойын», – дейді Кинг.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Қазақстанды 3 жылда цифрлы мемлекетке айнадыру міндетін қойған болатын.