Ақтөбе облысында 5,3 млрд теңгеге қой жүнін өңдейтін зауыт іске қосылады

Ақтөбе облысында 5,3 млрд теңгеге жүн өңдейтін зауыт іске қосылады. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба құны – 5,3 млрд теңге. Зауыттың жылына 2 112 тонна жүн өңдейді. Ал кәсіпорын іске қосылса, 40 адамға жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
«Бұл жоба қой жүнін өңдеп, қатты және қылшықты жүннен экологиялық таза жылу сақтайтын материалдар шығаруға бағытталған. Өнімдер құрылыс саласында, өнеркәсіп пен жиһаз өндірісінде, сондай-ақ автокөлік жасауда кеңінен қолданылады», – делінген әкімдік хабарламасында.
Зауыт цехы италияндық Cormatex компаниясының заманауи жабдықтарымен жабдықталған.
Кәсіпорын жергілікті шаруалардан қой жүнін тұрақты түрде қабылдап отырады.
Еске сала кетсек, Ақтөбе облысында жүннен жылу оқшаулағыш материалдар әзірлейтін жоба жүзеге асырылатыны жөнінде 8 шілде күні айтылған болатын. Ауылшаруашылық министрі Айдарбек Сапаров зауыттың жүннің қарасы мен ағын бірдей қабылдай беретінін мәлімдеп, халықтан тері мен жүнді тастамауды сұрады.