Жаңалықтар

Қарағанды облысында көмір өндіретін кәсіпорын 343 млн теңге салықтан жалтарған

Modern Trading Solutions биржасы Шұбаркөл көмірін туыстары мен таныстарына ғана сатып келген
Көмір өндіретін кәсіпорын мемлекетке 343,6 млн теңге салық төлемеген / Фото: shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қарағанды облысында көмір өндіретін компания 343,6 млн теңге көлеміндегі салықтан жалтарған. Бұл туралы Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарағанды облысының прокуратурасы ірі көмір өндіруші кәсіпорынның салық төлеуден жалтару фактісін анықтады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылғы 13 маусымда көмір өндіруші компанияға қатысты Қылмыстық кодекстің 245-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Тексеріс барысында кәсіпорын үлестес тұлғаны бейрезидент ретінде пайдаланып, өзара есеп айырысуларда салық мөлшерлемесін 1,95 млрд теңгеге дейін төмендеткені анықталған.

Прокуратура кәсіпорын директоры қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Алайда кәсіпорын келтірілген залалды толық көлемде өтегені үшін іс тоқтатылған.

«Іс Қылмыстық кодекстің 245-бабының ескертпесіне сәйкес ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды», – делінген баспасөз хабарламасында.