Жаңалықтар

ТМД елдерінің азаматтарын алдап келген трансұлттық қылмыстық топ мүшесі ұсталды

Алаяқтар ең көп қолданатын 10 айла туралы белгілі болды
ТМД елдері бойынша алаяқтықпен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ құрықталды / Фото: kursiv.media архив

ТМД елдерінің азаматтарын алдап келген трансұлттық қылмыстық топ құрықталды. Алаяқтар Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдерінің киберполициясы бірлесіп жүрізген операция негізінде ұсталған.

ІІМ қылмыстық топқа қатысы бар күдіктінің Бішкек қаласында қолға түскенін хабарлайды. Тінту кезінде күдіктінің жалға алған пәтерінен мынадай заттар тәркіленген:

  • 32 слотты сим-бокс;
  • үшінші тұлғалар атына рәсімделген 70-тен астам SIM-карта;
  • IP-адрестерді жасыруға арналған техникалық құралдар;
  • бірнеше компьютер мен ұялы телефон.

Күдікті өз қызметі үшін аптасына 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып отырған. Ол аталған құрылғылардың көмегімен банктер, мемлекеттік органдар және маркетплейстер атынан қоңырау шалып, жалған хабарламалар жіберіп отырған. Солайша азаматтардың жеке деректері мен қаржысын ұрлаумен айналысқан.

Жалпы, Қазақстанның киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті тек 2025 жылдың басынан бері 77 сим-бокс пен 90 мыңға жуық SIM-карта тәркілеген.

Айта кетейік, елде «банк» атын жамылып, қоңырау шалатын алаяқтар саны артқан. 2025 жылдың 9 айында мұндай 4,3 мың жағдай тіркелген. Ал осы жылдың 6 айында алаяқтар қазақстандықтардың 25 млрд теңгесін ұрлаған. ІІМ оның тек 895 млн теңгесін қайтарған.