
Қазақтарға алғыс білдіру үшін Казыбек Сусуркаев көлігімен Шешенстаннан Астанаға дейін 3000 шақырым жол жүріп келді.
Ондағы мақсаты – отбасын аман алып қалған қазақстандықтармен кездесіп, алғыс білдіру. Әкесінің жастық шағы өткен жерге барып, көзімен көру.
Дәстүрге айналдырмақ
Tengri TV ақпаратына қарағанда, Казыбек Сусуркаев досы екеуі жолдың қашықтығына қарамастан, жолға шығуға шешім қабылдаған. Енді жыл сайын Қазақстанға келуді дәстүрге айналдырмақ.
Сусуркаев сол жылдары шешендердің көрген ауыртпашылығы туралы айтып берді. Көп адам суық вагонның ішінде дәрет сындыра алмай, қуығы жарылып өлгенін алға тартты.
«Балаларды етегіне жасырған»
«Әлсіз сәбилерді, кеудесінен жаны шықпаған шалажансар адамдарды сүйреп, вагоннан лақтырған. Кейбір әйелдер арушаң балаларды етегінің астына жасырған. Олар бұл жерге дейін осылайша әрең жеткен. Көп адам жолда өлді», – дейді Казыбек Сусуркаев.
Әкесі Қазақстанға жеткенде 11 жастағы бала екен. Келе сала, ата-анасы көз жұмған. Жарты жылдан соң, әжесі қайтыс болған. Барлық ересек туысынан айырылған шарасыз жетім баланы Сәрсеновтар отбасы бауырына басыпты.
200 мың адам азаппен жеткен
«Бұл отбасы тек қана менің әкеме ғана емес, өзге адамдарға да қолынан келген көмегін аямады. Оның ағасы мен қарындасына да қамқорлық көрсеткен», – дейді шешен азаматы.
Ақпарат көзінің мәліметінше, 1944 жылы жүздеген мың шешендер мен ингуштар күштеп көшірілді. Олардың 200 мыңы Қазақстанға жер аударылды. Бұл адам төзгісіз азапты сапар еді. Тауар вагондарына адамдарды лық толтырып, тиеген. Жылу, тамақ пен су да атымен жоқ. Мыңдаған адам қақаған аяз бен аштыққа шыдамай, жан тапсырған.
Алғыс айту күні – Қазақстанға саяси қуғын-сүргін жылдары және күштеп депортация кезінде қоныс аударылған халықтардың ризашылығын білдіретін мереке.