Банк пен қаржы

Өзбекстан Орталық банкі есеп айырысу үшін стейблкойндарды пайдаланбақшы

Фото: ашық дереккөзден

Өзбекстан Орталық банкі (ОБ) есеп айырысулар үшін стейблкоиндар шығармақшы, бірақ, әзірге тек сынақ режимде жүреді. Бұл туралы ведомство басшысы Тимур Ишметов мәлімдеді деп хабарлайды Reuters.

Ишметовтің айтуынша, қазір Орталық банк стейблкоиндарды шығарудың екі нұсқасын: тікелей ОБ арқылы немесе жеке банктер арқылы шығаруды зерттеп жатыр. Дегенмен реттеуші басшысы нақты мерзімдер мен көлемдерді атаған жоқ.

Бұған дейін, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасы бойынша Ұлттық перспективалық жобалар агенттігі (ҰПЖА) стейблкоиндарды төлем құралы ретінде бекіту және капитал нарығында бағалы қағаздарды токенизациялауды жолға қою жөнінде хабарлаған еді.

2024 жылдың соңына қарай әлемдегі орталық банктердің небәрі 8%-ы өз юрисдикциясында жұмыс істейтін коммерциялық банктердің стейблкоин шығарғанын растаған. Олардың қатарында аустралиялық ANZ, бельгиялық KBC, бразилиялық BTG Pactual және француздық Société Générale бар. Мұндай деректер Халықаралық есеп айырысу банкі (BIS) жүргізген сауалнамада көрсетілген.

Стейблкойн (stablecoin) – криптовалютаның бір түрі, бірақ ол әдеттегі криптовалюталар сияқты құбылмалы емес. Оның бағасы белгілі бір активке немесе валюталарға (көбіне АҚШ долларына, еуроға, алтынға) байланған.