
Ресейдің Орталық банкі 12 қыркүйекте базалық мөлшерлемені 18-ден 17%-ға дейін түсірді. Қаржы ұйымы мұны инфляцияны күшейтетін қысымдардың сақталуымен, қайта жандана бастаған несие өсімімен түсіндірді.
«Қазіргі баға өсімінің деңгейі айтарлықтай өзгермей, жылдық есепте 4%-дан жоғары қалып отыр. Экономика біртіндеп теңгерімді өсімге оралып келеді. Соңғы айларда несие беру қарқыны күшейді, ал халықтың инфляцияға қатысты болжамы әлі де жоғары», – деп түсіндірді шешімін қаржы ұйымы.
Ресей Орталық банкі базалық мөлшерлемені қатарынан үшінші рет төмендетіп отыр. 2024 жылдың қазанынан бастап ол 21% деңгейінде тұрған еді.
Ресей банкі инфляцияны 2026 жылы нысаналы деңгейге қайтару үшін ақша-несие саясатын қатаң ұстай беретінін тағы да еске салды. Алдағы шешімдер инфляцияның қаншалықты тұрақты түрде баяулайтынына байланысты қабылданады.
Осыдан екі апта бұрын Қазақстандағы Ұлттық банк те базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарып, оны 16,5% деңгейінде қалдырған еді. Қаржы ұйымы елдегі инфляция қарқыны төмендемесе, базалық мөлшерлемені өсіруі мүмкін екенін ескертті.