Алматының сегіз көшесіне 60 мың ағаш отырғызылады

Алматының сегіз көшесінде жасыл буферлік аймақтар пайда болады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Алмалы ауданында бірден сегіз көшеде буферлік аймақтарды ауқымды көгалдандыру жұмыстары басталған. Буферлік аймақ – жол, тротуар немесе тұрғын үйлер мен шулы нысандар арасындағы кеңістік. Жасыл желекті отырғызу шу деңгейін төмендетіп, шаңды ұстап қалуға, ауаны тазартуға, қалалық ортаны тұрғындар үшін жайлы етуге септігін тигізеді.
Жол жиегін көгалдандыру жоспарына Наурызбай батыр, Шевченко және Құрманғазы көшелерінің жекелеген аумақтары кірді. Желтоқсан, Абылай хан даңғылы, Назарбаев және Сейфуллин сынды қалған төрт көшеде абаттандыру жұмыстары аудан аумағындағы бүкіл ұзындық бойымен жүргізіледі. Сондай-ақ жоспарға Абай даңғылының бір бөлігі де (Назарбаев даңғылынан Есентай өзеніне дейін) енді. Барлығы 60 мыңнан астам бұта отырғызылады.
Кейбір учаскеде – Шевченко, Құрманғазы және Наурызбай батыр көшелерінде абаттандыру жұмыстары аяқталды. Тамызда Абай, Абылай хан даңғылы мен Желтоқсан көшесінде жұмыс басталып, 16 мыңнан астам бұта отырғызылды. Жобаны қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Абаттандырылған учаскелерде автоматты суару жүйесі іске қосылды.