Жаңалықтар

Қазақстан – Гонконг арасындағы рейс саны екі есе көбейеді

Екі ел арасындағы рейстер саны артады/фото: shutterstock

Гонконгтың Cathay әуекомпаниясы Қазақстанға рейстер орындауы мүмкін. Бұл туралы көлік министрлігі азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Екі елдің авиациялық билігі келіссөздер өткізіп, халықаралық бағыттар бойынша ұшу географиясын кеңейтуге келіскен.

Сондай-ақ қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыруды жоспарлап отыр.

Келіссөздердің нәтижесінде, әр елдің әуекомпаниялары үшін рейстер саны аптасына 7-ден 14-ке дейін ұлғайтылды. Оның ішінде аптасына 7 рейс «ауа кеңістігінің бесінші дәрежелі еркіндігі» қағидасы бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл қазақстандық тасымалдаушылар үшін Гонконг әуежайының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ гонконгтық әуе компанияларына қазақстандық әуежайларды қолдануға мүмкіндік береді.

Келіссөздер барысында Гонконгтың «Cathay» әуекомпаниясының өкілі жаңа әуе кемелерінің келуін ескере отырып, Қазақстанға тікелей рейстер ашу жоспары бар екенін жеткізді.

Айта кетейік, Cathay әуе компаниясы – әлемдегі ең ірі жолаушылар мен жүк тасымалдаушы әуе компанияларының бірі. Әуе компаниясы әлем бойынша 100-ден астам бағытқа ұшады.