Теңгерім іздеген бюджет: 2026 жылғы жоспар қандай болмақ?

Жарияланды 13 Қыркүйек 2025 10:09

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

2026 жылғы бюджет жоспары қандай болады?/Фото: shutterstock.com

Қазақстанның мемлекеттік қаржысы соңғы жылдары үлкен өзгерістерге тап болып отыр. Экономикалық өсім қарқыны, әлемдік нарықтағы құбылмалы жағдайлар, әлеуметтік міндеттемелердің артуы – мұның барлығы республикалық бюджеттің құрылымы мен басымдықтарын әсер етуде.

2026 жылғы республикалық бюджеттің шығысы қандай?

2022-2024 жылдардағы бюджеттік дағдарыстан кейін, Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Ұлттық қор трансферттеріне де өзгерістер бар. Сонымен қатар келесі жылдың қаңтарынан жаңа салық ставкалары да іске қосылады.

ИНФОГРАФИКА 01: 2026 жылғы республикалық бюджет

2026 жылдың бюджетін Үкімет бекітіп, парламентке ұсынды. Келер жылдың республикалық бюджетінде еліміздегі 20 өңірдің тек Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысы донор ретінде орталық бюджетке 880 млрд теңге аударуға тиіс болса, қалған 17 өңір, керісінше, субвенция өңір ретінде орталықтан 5,1 трлн теңге көмек алмақ.

Сондай-ақ алдағы жылы бюджеттің шығыс бөлігіндегі әлеуметтік блок шығыстары 10,6 трлн теңгеден асып отыр. 2026 жылғы республикалық бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған (жалпы көлемнің шамамен 40%-ы). Сонымен қатар қомақты қаражат қарыздарды өтеуге және қорғаныс саласына бөлінген. Ал экономиканың нақты секторына (ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика, өнеркәсіп) қаражат көлемі салыстырмалы түрде аз.

Бұл үрдістер елдің экономикалық болашағы мен әлеуметтік тұрақтылығына тікелей ықпал ететін факторлар. Сондықтан біз әр бағытқа жеке тоқталып, олардың өзара байланысын саралап көрейік.

Әлеуметтік блок: өсу мен теңгерім іздеуі

Инфографикадан көріп отырғанымыздай, әлеуметтік секторға бөлінетін шығындар жылдан-жылға артып келеді. Бұл Қазақстанның стратегиялық таңдауы деуге болады, өйткені халықтың әл-ауқатын арттыру, денсаулық сақтау мен білім беру саласын дамыту – кез келген ел үшін ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі.

Білім беру

2022 жылы білім беру саласына 1 985,7 млрд теңге бөлінген. Бұл көрсеткіш 2023 жылы айтарлықтай өсіп, 2 917,8 млрд теңгеге жеткен. Алайда 2024–2026 жылдары қаражат көлемі төмендеп, 2026 жылы небәрі 811,3 млрд теңгеге дейін қысқарады. Мұндай құлдырау сұрақ туғызбай қоймайды. Мемлекет осы уақыт аралығында білім саласына айтарлықтай шығынды арттырды. Басты себептердің бірі мұғалімдердің жалақы өсімі мен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүздеген мектептің құрлысы жаппай салынуда.

Әлеуметтік көмек

Әлеуметтік көмекке арналған шығындар тұрақты өсіп отыр: 2022 жылы – 4 340,7 млрд теңге болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 6 833,0 млрд теңгеге дейін жетпек. Бұл – шамамен 57%-дық өсім. Демек, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін кеңейтіп, халықты қолдауға көбірек көңіл бөлуге мәжбүр. Бұған халықтың табыс деңгейіндегі теңсіздік, инфляцияның жоғары болуы және халықтың әлеуметтік осал топтарының көбеюі себеп болып отыр.

ИНФОГРАФИКА 02: Республикалық бюджет: әлеуметтік блок шығындары артып келеді

Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау шығындары да өсім көрсетуде: 2022 жылғы 1 985,4 млрд теңгеден 2026 жылы 2 730,3 млрд теңгеге дейін өседі. Бұл бағыттағы өсім бір қарағанда қалыпты көрінгенімен, елдің демографиялық және эпидемиологиялық жағдайына сәйкес әлі де жеткіліксіз болуы мүмкін. Қазақстанда медициналық қызмет сапасы туралы сын көп айтылады, ал оның шешімі көбіне қаржыландыру көлеміне тәуелді.

Мәдениет

Мәдениет саласына бөлінетін қаражат ең төменгі деңгейде қалып отыр. 2022 жылы – 245,3 млрд теңге, ал 2026 жылы небәрі 231,8 млрд теңге. Бұл шамалы ғана өзгеріс, бірақ инфляцияны ескерсек, мәдениетке бөлінетін нақты қаржы көлемі тіпті азайып барады.

ИНФОГРАФИКА 03: Республикалық бюджет тапшылығы

Бюджет тапшылығы: шығын көп, кіріс аз

Екінші инфографика бюджет тапшылығының тұрақты түрде өсіп отырғанын көрсетеді. 2022 жылы тапшылық 2 978,3 млрд теңге болса, 2026 жылы 4 594,7 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұл – небәрі бес жылда шамамен 55%-дық өсім.

Кірістер мен шығыстар

2022 жылы республикалық бюджет кірісі 15 665,0 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2026 жылы 22 889,0 млрд теңгеге дейін өседі. Шығындар да осындай қарқынмен артып, 18 050,0 млрд теңгеден 27 275,0 млрд теңгеге жетпек. Яғни кіріс пен шығыс арасындағы айырма біртіндеп ұлғайып отыр.

Бұл – дабыл қағарлық тенденция. Мемлекет кірістерді көбейткен сайын шығындар да артып, теңгерімсіздік сақталып отыр. Бюджет тапшылығының өсуі сыртқы қарыз алуды немесе Ұлттық қор қаражатын пайдалануды қажет етеді. Бұл болса болашақ ұрпақтың мойнына қосымша жүк артады.

Ұлттық қор: трансферттердің көлемі  қысқаруы басталды ма?

Үшінші инфографика Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферттердің айтарлықтай қысқаратынын көрсетеді. 2022 жылы бұл сома 4 580,0 млрд теңгені құраса, 2026 жылы небәрі 2 770,0 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр. Яғни екі есеге жуық азаю бар.

ИНФОГРАФИКА 04: Ұлттық қор трансферті азаймақ

Бұл қадам мемлекет үшін бір жағынан дұрыс шешім. Себебі Ұлттық қордың негізгі міндеті – қаражатты келешек ұрпақ үшін жинақтау. Бірақ екінші жағынан, егер бюджеттік тапшылық жыл сайын ұлғайса, трансферттердің қысқаруы бюджетті теңгерімдеуді қиындатады.

Бұл жағдайда Үкімет екі жолдың бірін таңдауға мәжбүр: не салықтарды арттыру, не сыртқы қарызды көбейту. Ал бұл халықтың тұрмысына және елдің қаржылық тәуелсіздігіне әсер етеді.

Үш бағыттың өзара байланысы

Жалпы, үш инфографикада көрсетілген деректер бір-бірімен тығыз байланысты. Әлеуметтік шығындардың өсуі бюджет тапшылығын арттырып отыр. Ал тапшылықты жабудың негізгі көзі болған Ұлттық қор трансферттері қысқарып келеді.

Мұндай жағдайда қаржылық саясаттың басты мақсаты – кірістерді тұрақты түрде ұлғайту. Бұл үшін экономиканы әртараптандыру, жаңа салық түсімдерін қалыптастыру, көлеңкелі экономиканы азайту қажет. Әйтпесе әлеуметтік шығындардың өсуі экономикалық тепе-теңдікті бұзып, қарызға тәуелділікті арттырады.

Қорытынды

Қазақстанның республикалық бюджеті алдағы жылдары үлкен сынаққа тап болады. Бір жағынан, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындап, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек салаларын қаржыландыруға тырысуда. Екінші жағынан, бұл шығындардың артуы бюджет тапшылығының өсуіне әкеліп отыр.

Ұлттық қор трансферттерінің қысқаруы жағдайды одан сайын қиындатады. Сондықтан Үкіметтің басты міндеті – кіріс көздерін кеңейту, жаңа экономикалық драйверлер табу. Мұнай-газ секторына тәуелділіктен арылмайынша, бюджеттік саясаттың тұрақтылығы күмәнді болып қала береді.

Қорытындылай келе, алдағы кезеңде Қазақстан үшін ең үлкен сын – әлеуметтік саясат пен қаржылық тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті табу болмақ. Егер мемлекет әлеуметтік шығындарды қысқартпай, керісінше тиімдірек бағыттай алса, ал кірістерді арттыруда жаңа жолдар тапса, онда бұл күрделі кезеңнен ойдағыдай шығуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ оқыңыз