Ел аузында жүрген дорамалар: 2025 жылғы туындыларға шолу

Жарияланды 13 Қыркүйек 2025 15:02

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Ел аузында жүрген дорамалар қандай?/Фото: Prime Video

Биыл дорама индустриясында креатив аспаннан жаңбырша жауды деуге болады. Өйткені корей сценаристері мен режиссерлерінің жарыққа шығарған туындылары көрерменін тауып қана қоймай, таң-тамаша қылды. 2025 жылы шыққан дорамалардың ішінде әдеттегідей іңкәр махаббат хикаясы да, 80-жылдарға саяхатқа апаратын ностальгия да, хоррор да бар. Одан қала берді аты аңызға айналған актерлердің индустрияға қайтып келіп, фанаттарына сый жасағанын айтпай кетуге болмас. Олай болса, 2025 жылы шыққан және жыл соңына дейін тұсауы кесілетін 10 дорамадан тұратын топтамамызды назарыңызға ұсынамыз.

1. Newtopia – зомби жайлаған замандағы махаббат

  • Шыққан уақыты: 2025 жылғы ақпан – наурыз
  • Қай платформалардан көруге болады: Coupang Play, Amazon Prime Video
  • Жанры: романтикалық комедия + хоррор

Newtopia дорамасында махаббат үлкен сынаққа түседі. Сюжеті қысқаша айтқанда былай өрбиді. Қалада ақырзаман орнайды. Содан бұрын жұп болған екеу амалсыздан бірігіп, қаланы қорғауға мәжбүр болады. Айналада төңкеріс болып жатқанда қайдағы махаббат хикаясы деуіңізге болады. Бірақ корей сценаристерінің шеберлігі сол – сондай жағдайдың өзіне екеудің арасындағы сезімді қоса білген. Әсіресе, бұрын бір-бірін сүйген адамдардың алыстап кеткеннен кейінгі кездесуі, диалогтары әсерлі шыққан. «Өткен іс өтті» десе де, бұл екеу ақырзаманның «арқасында» талай нәрсе түйеді. Дорама шыққаннан кейін, сыншылар мұндағы режиссердің шеберлігіне жоғары баға берді. Дорамаға тән бітпейтін романтика емес, тың тәсіл қолданылған деп отыр.

2. The First Night With The Duke – кітаптағы өмірдің шынға айналғаны туралы оқиға

  • Шыққан уақыты: 2025 жылғы маусым
  • Қай платформалардан көруге болады: KBS2, Rakuten Viki
  • Жанры: романтика, фэнтези

Сеулде оқитын студент қыз кезінде оқыған фэнтези жанрындағы бір романының ішіне «кіріп» кетеді. Шын мәнінде, сол жерге топ ете қалады. Сөйтіп заманауи қалада тұрып жатқан қыз аяқ-асты бағзы заманнан бір шығады. Ол енді әлгі романдағы бас кейіпкер. Ең қызығы, бір рет сүйіскеннен кейін, сол жақтың ханзадасы оған үйленуге ниеті барын жеткізеді. Бір қарағанда нағыз корей форматындағы «исекай» ертегі дерсіз. Қиялға берілгенді жақсы көретіндерге таптырмайтын туынды. Басты рөлдерде Со Хён мен Ок Тэк Ён ойнайды. Ал бұл екеуін фанаттары «жылдың үздік жұбы» деп атап жатыр.

3. Law and the City – жас заңгерлердің шиеленіске толы өмірі

  • Шыққан уақыты: 2025 жылғы шілде-тамыз
  • Қай платформалардан көруге болады: tvN, Disney+
  • Жанры: драма

Интриганың үстіне интрига шыға беретін дорамаларды жақсы көретін болсаңыз, онда Law and The City туындысын қарауыңыз керек деген сөз. Әсіресе, адвокаттардың өмірі жайлы айтылғаны ұнаса, тіпті солай. Оқиға Оңтүстік Кореядағы іскерлер орталығы деп саналатын Сечо-дон ауданында өрбиді. Бес жас заңгер мансабын енді бастап жатқан кез. Небір қиын істерді жүргізеді, жеке бастарындағы махаббат хикаялары көрініс табады. Бұл дорама сонысымен қызық. Көрермен аталған жобаны корей стиліне салынған Suits пен Legal High-қа қатты ұқсатып жатыр.  

4. My Youth – кәмбек жасаған Сон Чжун Ки

  • Шыққан уақыты: 2025 жылғы қыркүйек
  • Қай платформалардан көруге болады: Viki, Viu
  • Жанры: романтикалық драма

Араға 9 жыл салып, Сон Чжун Ки өзін жұлдыз қылған жанрға қайта оралды. Бұл кәмбекті көрермен көп күтті. 5 қыркүйекте ғана тұсаукесері өтті. Сюжетіне келсек, өзімен өзі өмір сүріп жатқан флорист күндердің күні бір әйелмен кезігіп қалады. Содан кейін өмірі өзгеріп сала береді. Дорамада визуал эстетика өте әдемі көрсетілген. Әсіресе, гүлден жасалған композицияларды көрсеңіз, «неткен талғам мынау» деп таңғалатыныңыз анық. Іңкәр махаббат хикаясы мүмкіндігін жіберіп алған адамның күйін, ертеңге деген сенімді керемет көрсетеді.

5. To the Moon – кеңсе қызметкерлері мен криптовалюта туралы оқиға

  • Шығатын уақыты: 2025 жылғы қыркүйек
  • Қай платформалардан көруге болады: MBC
  • Жанры: әлеуметтік драма

Кеңседе жұмыс істеп жүрген үшеу бір күні криптовалютамен айналысып көруге бел буады. Осылайша жақсы араласып жүрген достардың арасына жік түседі. Мұны әлеуметтік драма деп отырған себебі де содан. Ақша таба бастағаннан кейін адамның қалай құбылатыны шебер көрсетілген. Достықтың жібін үзіліп, мінезі танымастай өзгерген жолдастардың хикаясы 12 сериядан тұрады. Енді жарыққа шығады.

6. A Hundred Memories – 80-жылдарға саяхат және ностальгия

  • Шығатын уақыты: 2025 жылғы қыркүйек
  • Қай платформалардан көруге болады: JTBC
  • Жанры: романтика, драма

Дорама сюжеті 1980-жылдарда өрбиді. Қоғамдық көлік қызметкері болып істейтін қыздың достары, алғашқы махаббаты мен армандары көрініс табады. Декорациялар мен музыкасына қарап-ақ, енді шығатын дораманың ностальгияға толы болатынын байқай аламыз. Сыншылардың айтуынша, мұнда реализм көбірек. Яғни әйелдің басынан өткен ауыр күндер сол күйі көрсетілген. Соған қарамастан, ертеңінен үміт үзбейтін, келер күнге мол сеніммен қарайтын тағдыр сипатталады.

7. Confidence Queen XXI ғасырдағы алаяқтар туралы хикая

  • Шыққан уақыты: 2025 жылғы қыркүйек
  • Қай платформалардан көруге болады: TV Chosun, Coupang Play, Prime Video
  • Жанры: комедия, криминал

Шық бермес Шығайбайларды алдап түсірмек болған үш алаяқтың оқиғасы туралы дорама. Мұнда екіжүзділік, алдап қақпанға түсіру, алаяқтық – бәрі егжей-тегжей көрсетілген. Бір қарағанда өте жеңіл комедия дерсіз. Бірақ астарында өте маңызды мәселелер қылау береді. Енді жарыққа шығатын дораманың монтажы, актерлік құрама қазірден-ақ көрерменді қызықтырып жатыр.

8. Would You Marry Me – өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам ба?

  • Шығатын уақыты: 2025 жылғы қазан
  • Қай платформалардан көруге болады: SBS TV
  • Жанры: романтикалық комедия

Шоуға қатысып жатқан екеу зәулім үй алу үшін 90 күн бір шаңырақ астында тұруы керек болады. Өтірік некеге тұрғандардың өмірі 3 айда қалай өзгереді? Келісімшарт біткеннен кейін екіге кете ме? Оны бір айдан кейін білеміз.

9. The Murky Stream – тарихи сага

  • Шығатын уақыты: 2025 жылғы қыркүйек
  • Қай платформалардан көруге болады: Disney+
  • Жанры: тарихи драма

Көше баласы, діндар қыз бен билікке ұмтылған шенеунік сияқты үш түрлі кейіпкердің өмірі көрініс табады. Бір қарағанда үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын үшеудің тағдыры қалай тоғысады? Әлі шықпаса да, бұл жобаны қазірдің өзінде «жылдың ең әсерлі тарихи сериалы» деп атап жатыр.

10. Eunsoo’s Good Day – Ли Ён Э қайта оралды

  • Шығатын уақыты: 2025 жылғы қыркүйек
  • Қай платформалардан көруге болады: әзірге Кореяның ұлттық арнасында көрсетіледі
  • Жанры: криминал драма

26 жыл үзілістен кейін Ли Ён Э экранға оралып жатыр. Кейіпкері ішінде есірткі бар сөмке тауып алады. Содан кейін өмірі күрт өзгереді. Мұнда триллер элементтеріне қоса мелодрама да бар. Көрермен сүйікті актрисасының кәмбегіне бола дорама қандай болса да көруге даяр. Сол үдеден шығар ма екен?!

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Qaitadan фильмі жарыққа шыққан бір аптада 400 млн теңге касса жинағаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз