Жаңалықтар

Бір түнде екі ірі жол апаты болып, 15 адам қаза тапты

Бір түнде екі ірі жол апаты болып, 15 адам қаза тапты
Бір түнде екі ірі жол апаты болып, 15 адам қаза тапты / фото: ҚазАвтоЖол

2025 жылғы 13-нен 14 қыркүйекке қараған түні республика аумағында екі ірі жол-көлік оқиғасы болып, 15 адам қаза тапты, деп хабарлады ҚазАвтоЖол.

2025 жылғы 13 қыркүйек күні сағат 23:30 шамасында Қарағанды облысында, «Қарағанды – Аягөз – Боғас» автожолының Шешенқара ауылы маңында Ford Mondeo автокөлігінің жүргізушісі Қарқаралы қаласынан Қарағанды бағытына қозғалыс барысында белгіленбеген жерде қарсы жолаққа шығып кетіп, Changan автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан бес адам оқиға орнында көз жұмған.

2025 жылғы 14 қыркүйек күні сағат 01:39 шамасында Жетісу облысында, «Алматы – Өскемен» автожолының 479-шақырымында Nissan Cefiro автокөлігінің жүргізушісі оңтүстік бағытта қозғалып келе жатып, қарсы жолаққа шығып, алдымен Lada ВАЗ автокөлігімен, кейіннен Chevrolet Cobalt автокөлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Nissan Cefiro жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Lada ВАЗ автокөлігінде болған төрт адамның біреуі көз жұмды, тағы біреуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Chevrolet Cobalt автокөлігінде сегіз адам, соның ішінде бір бала болған. Алдын ала мәліметтер бойынша олардың барлығы оқиға орнында қаза тапқан.

Қазавтожол апат болған екі учаскедегі де жол жамылғысы тегіс екенін, көлік қозғалысына кедергі келтіретін ақау анықталмағанын хабарлады.

Автожол саласындағы ұлттық оператор жүргізушілерден жол ережесін қатау сақтауға шақырады.

«Соңғы жылдары қайта жөндеу және жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін жол-көлік оқиғаларының жиілеп отырғаны байқалады. Тегіс жол мен ашық көріну мүмкіндігін пайдаланып, көптеген жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырып, жол қозғалысы ережелерін бұзуда. Мұндай жауапсыздық орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуде. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жылдамдық режимін, қарсы бетке шығу қағидаларын және жол қозғалысының барлық ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз», – делінген хабарламада.

Бұған дейін, жолдағы орташа жылдамдық жүйесі енгізілгені 109 мың ереже бұзу фактісі тіркелгенін хабарлағанбыз.