Соңғы бес жылда ажырасу азайған

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Соңғы бес жылда ажырасу азайған / фото: shutterstock

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды отбасы күнімен құттықтады.

Министрдің сөзінше, елде отбасы институты нығайып келеді.

«Социологиялық деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың басым бөлігі үшін (85–89%) басты құндылық – ерлі-зайыптылар мен балалар арасындағы өзара сүйіспеншілік, сыйластық пен түсіністік. Дәл осы құндылықтар мықты әрі берекелі отбасының негізін қалайды», – дейді Аида Балаева.

Министр сонымен қатар, ажырасу азаып жатқанын жеткізді.

«Соңғы бес жылда олардың саны шамамен 16%-ға төмендеді (2020 жылы – 48,2 мыңнан, 2024 жылы – 40,5 мыңға дейін). Бұл ерлі-зайыптылардың жауапкершілігінің артып, отбасын сақтап қалуға ұмтылысын айғақтайды. 2019 жылдан бастап Жоғарғы Сотпен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттарда «Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба ажырасу үдерісінде туындайтын дауларды шешуге бағытталған. Оның аясында психологтар, заңгерлер, медиаторлар және әлеуметтік қызметкерлер кеңес береді. 2024 жылы істердің 37,5%-ы татуласумен аяқталды (2023 жылы – 33,1%), бұл жобаның тиімділігін көрсетеді, – делінген министр құттықтауында.

Аида Балаева елде неке құрғалы жатқан жұптарға арналған қарым-қатынасты үйлестіруге бағытталған оқыту бағдарламаларына ерекше көңіл бөлінетінін, атап өтіп ата-ана жауапкершілігін арттырып, бала тәрбиесіне саналы көзқарас қалыптастыруды мақсат еткен «Ата-аналар академиясы» жобасының маңызы зор екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол ажырасудың азаюына отбасы қолдау орталықтары (ОҚО) да елеулі үлес қосып отыр деп санайды.

«Бүгінде елімізде 131 орталық жұмыс істейді. Олар мыңдаған отбасының сүйенішіне айналған. Жыл басынан бері 40 мыңнан астам азамат ОҚО-ға жүгінді. Ең өзекті мәселелер бойынша 15 мыңнан астам кеңес берілді, тағы шамамен 4 мың адам кешенді қолдауға алынды», – дейді ол.

Министр сөзінің соңында әр шаңырақта бейбітшілік, сүйіспеншілік пен келісім орнауын тілеген.

Бұған дейін, елде 8 айда 78 мың неке қиылып, 227 мыңға жуық сәби өмірге келгенін хабарлағанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз