Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады.
Қ.Тоқаев Отбасы күнін ұлтты мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке екенін атап өткен.
«Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады.
Сондықтан біз бәріміз бір ел болып халқымыздың салт-дәстүрі мен қазіргі замандағы озық көзқарасы үйлесім тапқан отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайтып, жан-жақты насихаттауымыз керек», – дейді президент.
Қ.Тоқаев жарық өмір сыйлаған ата-анаға зор құрметпен қарау – қастерлі парыз екенін жеткізген.
«Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше. «Ана – Жер-Ана» – адамзат өркениетінің өзегі. Біз асқар тау әкелеріміздің табанды еңбегі мен ерен ерлігіне бас иіп, қадір тұтуымыз керек. Әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамиды. Бұл – Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеп, ана мен бала құқығын қорғауға айрықша мән береді», – дейді ол.
Президент құттықтау сөзінің соңында әр шаңыраққа бақ-береке мен барша халыққа зор денсаулық пен мол табыс тілейді.
Бұған дейін, елде 8 айда 78 мың неке қиылып, 227 мыңға жуық сәби өмірге келгенін хабарлағанбыз.