Жаңалықтар

Түркістанда күйеуі әйелін өлтіріп, артынан өзіне қол салған

Фото: Дилара Иса

Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында 56 жастағы еркек 45 жастағы әйелінің басына балтамен ұрып өлтіріп, артынан дәретханада өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Таңертең анасының аулада қансырап қайтыс болғанын – қызы, әкесінің асылып қалғанын ұлы көрген. Қайғылы оқиғаның болғанына бір апта өтсе де, ауыл халқы әлі күнге ес жинай алмай отыр.

Көршілері не дейді?

Қарамұрт ауылының тұрғыны Давлат Ариповтың айтуынша, 9 қыркүйек күні таңертең көрші үйдің баласының айқайлаған дауысын естіген. Ол «анам құлап, тұра алмай жатыр» деген соң, көршісінің үйіне келген. Ауласынан қансырап жатқан әйелдің денесін көріп, есеңгіреп қалған.

«Жүгіріп келсем, үй баспалдағы қанға боялып жатыр екен. Үй жанында әйелдің жансыз денесі жатты. Оны танымай қалдым. Жауыздықпен өлтіргенін көріп, қорқып кеттім. Көшеге жүгіріп шығып, өзге көршілерді шақырдым», – дейді ол.

Әйелдің жансыз денесін көрген екінші көршісі Гулзада Абдукаримованың айтуынша, алған жарақатынан әйелді тану мүмкін емес.

«Көргенде бір сәт өзімді жоғалтып алдым. Балалары қорқып тұрған орнынан қозғала алмай қалды. Бетінен ұрып, өзіне келтірдім. Бетіне су шаштым. Балалардың бәрін жинап үйден алып кеттім», – дейді ол.

Оның сөзінше, жиналған көршілер әйелдің күйеуін іздей бастаған. Қоңырау соққанда, телефонның дауысы дәретхана жақтан шыққан. Үлкен ұлы дәретханаға барғанда, асылып тұрған әкесінің денесін көрген.

«Күйеуі жұмысқа кеткен соң, әйел үнемі сыртқы есігін жауып балаларымен үйде отыратын. Көшеге шыққан әйел емес еді. Артық қылығын көрген жоқпыз. Күйеуі де жақсы адам еді. Бір-бірімен ұрысқанын көрмедік. Мұндайды күтпедік», – дейді ол.

Асханадан табылған балға

Марқұм әйелдің туыстары қайғылы оқиғадан қан жұтып отырғанын айтады. Әйелдің ағасының сөзінше, ерлі-зайыптылардың денесі табылған соң, үй асханасынан балға табылған.

«Тергеушілер асханадан кішкентай балғаны тауып шықты. Балғаның басы қан, қанға шаш жабысып тұрды», – дейді ол.

Әйелдің ағасын тергеушілер тергеуге шақырған. Онда күйеуінің телефонға жазылған соңғы сөзін тыңдатқан.

«Мен өз әйеліме қол жұмсадым. Қалай қол жұмсағанын айтпаған. Себебі зина көбейіп кетті. Содан кейін мен осылай істедім» деген», – деді марқұм әйелдің ағасы.

Ерлі-зайыптылардың отбасы құрғанына 15 жылға жуықтаған. Екеуінің ортақ 4 баласы бар. Үлкені – 13 жаста, кенжесі 4 жаста. Балаларының кенжесі ерекше бала. Отбасы осы баласының жәрдемақысымен күнкөрген. Еркек жұмыссыз, отбасы жоқшылықтан қиналған. Еркек соңғы сөзінде әйелін такси жүргізушісімен жүріс жасағанын меңзеген. Бірақ мұны әйелдің туыстары жоққа шығарады.

«Жуып жатқан кезде сіңілімнің оң жақ маңдайында балғаның ізі болды. Еті бір елі шығып тұрды. Екі жағы да жыртылып кеткен. Бәрін тігіп қойған. Сол қолының терісі жыртылып кеткен. Денесінің сау жері қалмаған. Шашын жуайын деп басын көтеріп қалсақ былқылдап жатыр. Шашының арасы шөп, құмға толы. Артын жуайын деп едік, денесіне құм, шағал кіріп кеткен. Шағалды қолыммен бір-бірден шығардым. Қазір өзімді зорға басып тұрмын. Сіңілімді мұндай дәрежеде көремін деп ойламадым. Бұлай жауыздықпен өлтіруге бола ма? Жаман болса, ұрсын, қолын, аяғын сындырсын. Бұлай жауызша өлтірудің керегі жоқ еді ғой. Төрт бала шырылдап қалды. Кім қарайды, бағады 4 баланы?», – дейді марқұм әйелдің әпкесі.

Оқиғаны полиция растады

Марқұм ерлі-зайыптының ортақ төрт баласы мемлекет қарауына өткен. Оларды әйелдің туыстары өз қарауына алғысы келеді. Әйелдің туыстары тергеу ісіне күмәнмен қарап отыр. Ал полиция оқиғаны растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жергілікті тұрғын үй жағдайында жұбайына дене жарақатын салған.
Салдарынан ол қайтыс болған. Осы оқиғадан соң ер адам қылмыстың себептерін сипаттайтын аудиожазба қалдырып, өзін-өзі өлтірген», – делінген Түркістан облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Полиция тергеу амалдарына байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын мәлімдеді.