Әмбебап және базалық: банктерге екі түрлі лицензия берілуі мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Банктерге екі түрлі лицензия берілмек / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда банк қызметін реттеу жүйесінде маңызды өзгеріс енгізілмек. Жаңа заң жобасына сәйкес, банктік лицензияның екі түрі болады: базалық және әмбебап. Базалық лицензияны негізінен шағын банктер алатын болады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Парламент мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын таныстыруы барысында мәлімдеді.

Базалық лицензия алған банктерге қандай талап қойылады?

Базалық лицензия алған банктер үшін активтердің ең жоғары мөлшері мен капиталдың ең төменгі деңгейіне шектеу қойылады. Қазіргі жоспар бойынша активтер көлемі 500 млрд теңгеден аспауы, ал капитал ең аз дегенде 10 млрд теңге болуы тиіс.

Сондай-ақ мұндай банктерге бейрезиденттер мен үлестес тұлғаларға кредит беруге тыйым салынады. Бұл – олардың орнықтылығын сақтауға бағытталған шара.

Базалық банктер үшін пруденциялық нормативтер жеңілдетіліп, беретін есебі қысқарады. Қадағалау жеңілдетілген тәртіпте жүргізіледі, ал тексеру мерзімділігі азайтылады.

Әмбебап лицензиясы бар банктер ислам қаржы құраларын ұсынады

Заң жобасына сәйкес, әмбебап банктерге ислами банк операцияларын «исламдық терезелер» арқылы жүзеге асыру құқық берілмек. Бұндай тәжірибле Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Пәкістан, Бахрейн, Кувейт, Катар және Индонезияда кеңінен қолданылады.

 «Исламдық терезелер» моделі банктерге жеке банкті құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер құру арқылы   исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Исламдық қаржының ерекшелігін ескере отырып, исламдық қызметті  ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген», – деді агенттік төрағасы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді: шетелдік «Абу-Даби коммерциялық банкі» және қазақстандық Заман Банкі. Қос ұйымның банк жүйесінің активі мен кредит портфеліндегі жиынтық үлесі 0,5 пайыздан аз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі жолдауында банктер туралы заңды жыл соңына дейін қабылдауды тапсырған.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктер туралы қолданыстағы заң 1995 жылы қабылданған. 30 жыл ішінде оған 140-тан аса түзету енгізіліпті. Бұл заңның құрылымы мен терминологиясы ескіріп, банк секторының қазіргі даму үрдістерін, атап айтқанда қаржы-технологиялық бағытының және қаржы экожүйелердің қарқынды дамуына ілесе алмайды.

Сондай-ақ оқыңыз